Киберқылмыс: жыл басынан 90 мыңға жуық SIM-карта тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың басынан бері киберқылмыс бойынша 6 ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлім етті.

сим-карта
Фото: pixabay.com

— Киберқылмыстың алдын алу және құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында жыл сайын «Антифрод» жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізіліп келеді. Атап айтқанда, 2025 жылы бұл іс-шаралар 18–20 ақпан және 13–15 мамыр күндері өтті. Оның барысында SIM-box құрылғыларын заңсыз пайдалану фактілері анықталып, олардың қызметі тоқтатылды. Мәселен, 2025 жылдың басынан бері 75 SIM-box және 89 мыңнан астам SIM-карта тәркіленді, 6 ұйымдасқан қылмыстық топ (оның ішінде 1 трансұлттық топ) әшкереленді, 67 млн фрод-қоңырау бұғатталды, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен бірге, киберқылмыспен күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастық кеңейіп келеді. Қазақстан 109 елдің киберқылмыспен күрес бөлімшелерімен тікелей ақпарат алмасып отыр. Бірлескен ынтымақтастық бағытында халықаралық келісімдер бар. Бұл халықаралық келісімдер Қазақстанға шетелдік қылмыскерлерге қатысты жедел ақпарат алмасуға және азаматтардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді.

— Халық арасында интернет-алаяқтықтың алдын алу және оның тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде өткізіледі. Осы мақсатта ел бойынша 34 588 профилактикалық кездесу ұйымдастырылды. Бұл кездесулер мемлекеттік органдарда, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде, банктерде, жеке және заңды тұлғалар арасында ұйымдастырылды, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Айта кетейік, Астана қаласы Полиция департаментінің киберқылмыспен күрес басқармасы интернет алаяқтықтың кең тараған түрлерін атаған еді. 

Соңғы жаңалықтар