Киевте deepfake технологиясын қолданған трансұлттық call-орталық жойылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті Украина Ұлттық полициясымен, Бас прокурорының кеңсесімен және Қазақстанның Бас прокуратурасымен бірлесіп Киев қаласында ірі арнайы операция жүргізді. Нәтижесінде трансұлттық қылмыстық топ құрған алаяқ call-орталықтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Тергеу барысында жалған онлайн-брокерлер арқылы инвестицияны «қайтарып береміз» деген сылтаумен әрекет еткен қылмыстық топ әшкереленді. Олар Қазақстан, Еуропалық Одақ және ТМД елдерінің азаматтарына хабарласып, өздерін заңгер ретінде таныстырған. Жалған құжаттар жіберіп, «сот» немесе «салық органдары» атынан сөйлескен. Бет-бейнесін жасыру үшін deepfake технологияларын қолданған.
Алаяқтар жәбірленушілерді «комиссия», «сот шығыны» немесе «салық» төлеуге мәжбүрлеп, кейбір жағдайларда несие алуға немесе мүлікті сатуға да көндірген.
Алдын ала деректер бойынша, 4,5 мыңнан астам шетелдік азамат зардап шеккен, олардың ішінде қазақстандықтар да бар. Келтірілген шығын 4 млн АҚШ долларынан асқан.
Қылмыстық топ нақты иерархия бойынша жұмыс істеген: инвесторлар мен үйлестірушілер, техникалық басшылар және жәбірленушілермен байланыс орнатқан операторлар болған. Заңсыз табыстар элиталық жылжымайтын мүлікке, қала сыртындағы жер телімдеріне және қымбат автокөліктерге жұмсалған. Call-орталықта шамамен 30 адам «еңбек еткен».
11 мекенжай мен call-орталықтың өзінде жүргізілген тінтулер барысында 41 компьютер, 24 ұялы телефон, sim-карталар және басқа да дәлелдер тәркіленді. Құрылғылардан қазақстандық байланыс операторларының абоненттік деректер базасы табылды.
Арнайы операция барысында 15 Украина азаматы ұсталды, оның 9-ы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Бұл бірлескен іс-шара трансұлттық киберқылмысқа елеулі соққы берді. Ірі ұйымдасқан топтың жолы кесіліп, азаматтарды алаяқтық схемаларға тартудың алдын алуға мүмкіндік туды», – деді ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Өскембаев.
Айта кетейік, Алматыда полиция алаяқтарды SIM-карталармен қамтамасыз еткен топты ұстады.