Қылмыстық кодексте кәсіпкерлердің құқығын қорғау күшейтілмек

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланып жатыр.

азамат есқараев
Фото: Kazinform

Әділет министрі Азамат Есқараев заң жобасындағы өзгерістердің бір бөлімі азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын айтты. 

«Онда азаматтарды қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тартуды болдырмау; бұзушылықтарды және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің толықтығын қамтамасыз ету үшін істі «пысықтауға» прокурорға қайтару мүмкіндігін болдырмау; кәсіпкерлік субъектілерін ревизиялау және тексеру ісін жүргізуді прокурормен міндетті түрде келісуді белгілеу; тінту, жеке тінту және тәркілеу бойынша санкцияның 10 күндік мерзімін белгілеу шаралары қарастырылған», - деді Әділет министрі Мәжілістің жалпы отырысында. 

Сонымен бірге, бұрын «қорғалуға құқығы бар куә» ретінде болған адамның айғақтарын дәлел ретінде пайдалануға тыйым салу ұсынылған. 

«Адам өліміне байланысты емес аса ауыр қылмыстардың жекелеген түрлері бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу мүмкіндігін беру; қорғалуға құқығы бар куәні сараптамаға бастамашылық жасауға құқығы бар адамдар шеңберіне біріктіру; жазаның мөлшерлес болуын, сондай-ақ бас бостандығынан айырудың баламасын қамтамасыз ету үшін кейбір қылмыстық құқықбұзушылықтар бойынша еселенген айыппұлдарды енгізу көзделеді», - деді А. Есқараев. 

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов қылмыстық істерді тергеу органдары тәуелсіз зерттеулерде расталмаған мәліметтерді көрсетіп, рапорт беру арқылы қылмыстық іс қозғайтынын, кейде бұл азаматтардың құқығын бұзуға әкелетінін атап өтті. 

«Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде қылмыстық істерді негізсіз тіркеуді қалай алып тастауға болады, қалай жоққа шығарылады? Азаматтардың құқығын қорғау үшін қандай пәрменді тетіктер көзделеді?», - деп сұрады депутат. 

«Расында да бұл көкейкесті мәселе болып тұр. Сондықтан біз құқық қорғау органдарының баянаты негізінде егер қылмыстық әрекеттің нәтижесінде бір экономикалық шығын келтірілмесе, дәлелдейтін құжаттар болмаса, онда осы баянат негізінде қылмыстық істі қозғауға рұқсат берілмейді деген нақты шектеу қойылып отыр. Біздің пайымдауымызша бұл Сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай реестріне баянатты тіркеуге жол бермейді және азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға көмектеседі», - деп жауап берді министр. 

Заң жобасы әлі талқыланып жатыр.

Соңғы жаңалықтар