«Қымыз іштім»: Ақтөбеде мас күйінде көлік айдаған шенеунік 15 тәулікке қамалды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы жер қатынастары бөлімінің басшысы Ақылбек Исатаев мас күйінде көлік жүргізіп, 15 тәулікке қамалды.

«Қымыз іштім»: Ақтөбеде мас күйінде көлік айдаған шенеунік 15 тәулікке қамалды
Фото: pexels.com

Әйтеке би аудандық сотында ауыл шаруашылығы жер қатынастары бөлімінің басшысы Ақылбек Исатаевқа қатысты іс қаралды. Оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 608-бабы 1-бөлігі бойынша айып тағылды.

Іс материалына сүйенсек, А.Исатаев 14 ақпан күні сағат 01:22-де Әйтеке би ауданы Т. Жүргенов ауылында көлікті мас күйінде айдаған. Бөлім басшысы сот отырысы кезінде көлік айдағанын, алайда мас болмағанын, тек 1-1,5 литр қымыз ішкенін айтты. Алайда жеңіл дәрежеде мас болғаны медициналық сараптама кезінде анықталды.

Сот кабинетіндегі ақпаратқа сүйнсек, прокурор А. Исатаевты кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруды сұрады. Сот қаулысымен Ақылбек Исатаев Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сонымен бірге 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы аудитке жалған ақпарат бергені үшін жазаланды. 

Соңғы жаңалықтар