Кино — ұлттық ұстаным миссиясын атқару керек — депутат
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жанарбек Әшімжан елімізде ұлттық киноны көргісі келетіндердің қатары артқанын айтты.

— Соңғы жылдары елімізде түрлі бағытта түсірілген фильмдер аз емес. Алайда, сол фильмдердің сапасына қатысты сұрақ-сауалдар пісіп жетіліп, арнасынан асып тұр… Кино — идеология, кино — саясат, кино — керек десеңіз ұлттың қауіпсіздігі. Жапония ІІ-Дүниежүзілік қырғыннан кейін ұрпақ санасы мен ұлттық болмысын дәл осы ұлттық кино арқылы жүйелеп алғаны айдай ақиқат. Кино — бүтін ұлтты ұйытатын, сол арқылы жас ұрпақтың санасына әсер ететін күшті қару. Әр халықтың ұлттық болмысы, тарихы, салт-дәстүрі, діни ұстанымы, әлеуметтік жіктелісі бар. Әсіресе, дәл қазіргідей қазақ қоғамы шетелдік сериалдарды тамсана тамашалап, жастардың санасын бөтен жұрттың мәдениеті жаулап жатқан тұста ұлттық киноға көңіл бөлудің маңыздылығы сәт сайын артып тұр. Кино саясаты қоғам көшін бастауы керек еді, ал біздің бұл өнеріміз қоғамның жетегінде кетіп барады, — деді Ж. Әшімжан Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.
Бұл тұрғыда ол кейінгі жылдары мемлекеттік тапсырыспен тарихи тұлғаларға арналған сериалдар мен көркем фильмдер түсіріліп жатқанын еске салды.
— Кино — бірінші кезекте бизнес емес, өнер, ұлттық ұстаным миссиясын атқару керек. Сондықтан режиссерлер мен сценаристер ең әуелі кинофестивальдардан сыйлық алуды емес, киноның ұлтқа әкелер пайдасын, ұрпаққа берер тәлімін көбірек ойлағаны лазым. Әбжыландай ысқырған бүгінгі жаһандану дәуірі еліміздің ұлттық кино саясатын түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Тіпті, бала-шағамызбен қатар отырып фильм көрсең, бетіңнен отың шығып кірерге тесік таппайсың. Анайы эпизодтар мен сүйегіңнен өтетін бейпіл диалогтар, шұп-шұбар тіл, атыс-шабыс, жадағай жаргон сөздер, одан қалса әр жерден ұрлап-жырлап, көшіріп алған инкубатор-фильмдер. Керек десеңіз, мұндай теріс имидж тудыратын фильмдер жұрттың ашуын туғызуда. Ең қиыны — қатаң сүзгінің жоқтығынан қазақтың көркем де шұрайлы тілі күйреп жатыр. Экран мен эфирде көшенің тілі үстемдік ала бастады. Сонымен қатар, дәстүріңді дәлдүріш қып, теріс діни ағымдардың насихатын күйттеп жүрген таспалар да жоқ емес, — деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, 2024 жылы қазақстандық 90 фильм прокатқа шығыпты. Соның 56-сы — комедия. Картиналар жыл сайын 30 фильмге толыққан. Кассадан түскен түсімдер де аз емес. 6 фильм миллиард теңгеден астам касса жинаған. Бірақ көпшілігінің сапасы сын көтермейді.
— 2024 жылы қазақстандықтар 17 млн 47 мың 524 рет киноға барса, соның үштен бірі — алты миллионға жуығы отандық фильмдерді тамашалаған. Сұраныс жоқ емес, бар! Әлеуметтік сауалнама бойынша ұлттық киноны көргісі келетіндердің қатары артқан. Сөз жоқ, кино нарығы коммерциялық тұрғыдан өзін өзі қаржыландыру керек. Алайда, әлемде ұлттық кино өнеріне мемлекеттік деңгейде қолдау жасап отырған елдер бар. Мамандар даярлауда арнайы мемлекеттік саясат белгіленген. Мәселен, Германияның кино саласына маман дайындау үшін жыл сайын 76 миллион еуро бөледі, — деді ол.
Оның пайымынша, бүкіл мемлекет бойынша түсірілетін фильмдердің идеологиялық, тілдік, ұлттық ұстанымын реттеу тетігін қарастыратын арнайы көркемдік-сараптамалық кеңес құру керек.
— Екіншіден, мемлекеттік тілдегі ұлттық фильмдердің үлес салмағына басымдық беру маңызды. Үшіншіден, фильмдерде мемлекеттік тілдің нормаларын бұзуды қатаң қадағалау қажет, — деді Жанарбек Әшімжан.
Еске салсақ, Түркиялық кинокомпания Жошы хан туралы сериалды тек қана Қазақстанда түсіретін болды.