Киножобалар конкурсы: Мемлекеттен қаржыландыруға үміткерлер тізімі жарияланды

Бұған дейін жазғанымыздай, конкурсқа қатысуға өтінімдер 9-29 тамыз аралығында жүргізілді. Осы кезеңде киноиндустрия өкілдері үшін төрт бағыт бойынша консультациялық қолдау ұйымдастырылды: Киноорталығының Алматы және Астана қалаларындағы кеңселерінде жеке консультациялар өтті, телефон және әлеуметтік желі арқылы онлайн қойылған сұрақтарға жауап берілді, киножобаларды іріктеу ережелерін түсіндіру мақсатында ашық семинар-тренинг өтті.
Электронды түрде тіркелген өтінімдердің жалпы саны – 271, оның ішінде қағаз жүзінде 261 өтінім келіп түсті. Құжаттарды тексеру қорытындысы бойынша 115 киножоба питчингке өтті. Енді оларды Сараптама кеңесінің мүшелері 8 қыркүйектен бастап 3 қазанға дейін қарастырады. Іріктеу кезеңінен өтпеген қатысушыларға үш жұмыс күні ішінде ресми хаттар жіберіледі, онда өтінімдерді қабылдамау себептері көрсетіледі
, – деп хабарлады Ұлттық орталықтың баспасөз қызметінен.
Питчингке өткен киножобалардың тізімі және ашық қорғауды өткізу кестесі сілтеме бойынша қолжетімді. Ашық қорғау биыл 3-5 қазан аралығында өтеді және Киноорталықтың ресми YouTube-каналында онлайн-режимде көрсетіледі.
Еске салайық, мемлекет қаражаты есебінен түсірілетін киножобаларды іріктеу бойынша биылғы наурыз айында өткізілген конкус нәтижесіне тексеру тағайындалған болатын. Бұған байқауға қатысушы жекелеген киногерлердің арыз-шағымы себеп болды.
Нәтижесінде конкурс нәтижесі жойылып, өтінім қабылдау қайта жүргізілетіні мәлім етілді.
Үстіміздегі жылғы 28 шілдеді Құрманбек Жұмағали «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» төрағасы болып тағайындалған еді.