Киножобаларды қаржыландыру: Наурыз айындағы конкурс нәтижесі жойылды

Биыл наурыз айында өткізілген өтінімдерді іріктеу конкурсының нәтижелері жарамсыз деп танылып, күші жойылды. Мұндай шешім қабылдауға аудиторлық тексеріс нәтижесі негіз болды
, - делінген ұсынылған ақпаратта.
Мәлім етілгендей, киножобаларды мемлекеттен қаржыландыру үшін өтінімдер бүгіннен бастап қайта қабылданады.
Құжаттар қабылданатын соңғы мерзім – 29 тамыз.
Өтінімдерді қарайтын Сараптамалық кеңестің отырысы қыркүйек айының соңында өтеді. Питчингтен өткен киножобалар қаржылай қолдауға ие болып, «ұлттық фильмдер» деп танылады.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы биыл жаңа фильмдердің өндірісіне 3,3 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр: «Қазақфильм» киностудиясы түсіретін киножобаларға кем дегенде 1,2 млрд теңге, ал жеке киножобаларға шамамен 2,1 млрд теңге бөлінеді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали тараптар әрбір теңге үшін есеп беретінін ескертті.
Ең алдымен, барлық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау қажет. Кино қауымдастығы нарықты дамыту мен сапаны арттыру үшін бірігіп жұмыс істеуі керек. Біз өз тарапымыздан үміткерлерге барынша көмектесуге әрі киножобаларға ақпараттық қолдау көрсетуге дайынбыз. Орталық та, киногерлер де әр теңге үшін есеп беретінін есте ұстағаны жөн. Ешқандай интрига қажет емес
, – деді Құрманбек Жұмағали.
Еске салайық, мемлекет қаражаты есебінен түсірілетін киножобаларды іріктеу бойынша өткізілген конкус нәтижесіне тексеру тағайындалған болатын. Бұған байқауға қатысушы жекелеген киногерлердің арыз-шағымы себеп болды.