Қирап тұрған үйлер, қоқысқа толы көшелер – «Таза қала» тележобасы Жезқазғанда

АСТАНА. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы жазиралы Жезқазған жеріне жетті. Қала мәртебесін алғанына 70 жыл болған, бірер жыл бұрын облыс орталығы атанған шаһардың қордаланған мәселелері де аз емес. Әсіресе, қоқысты кешіктірмей шығару, тозығы жеткен үйлерді азайту, жол жөндеу жұмыстары өте өзекті болып отыр.
Қирап тұрған үйлер, қоқысқа толы көшелер
Фото: Видеодан алынған кадр

Қоқыс тарифі үш есе қымбаттады, қала тазарды ма?

Жезқазғанның екі жыл бұрын қайта облыс орталығы атанғаны белгілі. Сәйкесінше, өңірге жүктелген жауапкершілік те арта түскені сөзсіз. Ұлытау орталығының әлеуетін жетілдіру үшін атқарылар жұмыс көп. Бұл қатарда тазалық тақырыбының бар екені де белгілі. Осыған орай, Жезқазғанда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында түрлі шаралар тұрақты түрде өтіп тұрады. Қала көшелері мен саябақтары тазаланады. Жасыл желектер бапталып, гүлзарлар ретке келтіріледі.

Қирап тұрған үйлер, қоқысқа толы көшелер
Фото: Видеодан алынған кадр

Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл 1,5 млрд теңгеге саябақ пен 3 скверді, 2 рәміздер алаңын абаттандыру жұмыстарын жүргізу көзделген. Сондай-ақ, алдағы жылдарға жергілікті бюджет есебінен 1,7 млрд теңгеге 2 жаңа сквер мен саябақ салу жоспарда бар. Алайда, абаттандыру жұмыстарының ақсап тұрғаны Жеңіс көшесі бойындағы Мәңгілік алау саябағында бірден байқалады. Халық жиі келетін, демалатын, Кеңгір су қоймасы маңындағы нағыз гүлденуі тиіс бірден-бір орында ағаштар қурап жатыр. Бұл бір ғана жылдың мәселесі емес екені түсінікті. Мәңгілік алаудың да оты сөніп, орнына қоқыс толған.

Жалпы, қаладағы қоқыс үйінділері, оның уақытында шығарылмауы жөнінде бағдарламаға сұхбат берген бірнеше тұрғын жеткізді. Олар билікті кінәлайды, билік тұрғындардың экологиялық мәдениеті төмендігін айтады. Жақында қоқысқа қойылған 110 теңгелік тариф бірден үш есеге қымбаттаған. Ал наразы болған тұрғындарды әкімдік көп уәдеге тойдырыпты. Алғашқыда қосымша қаражатқа қоқыс шығаратын техниканы жаңарту, контейнерлерді, қоқыс алаңдарын жаңғырту уәде етілген. Қай уәденің орындалмағанын экобелсенді Валерий Фомин айтып берді.

Қирап тұрған үйлер, қоқысқа толы көшелер
Фото: Видеодан алынған кадр

«2022 жылы 2 қарашада тазалық мекемесі мен әкімдік қоқыс шығару үшін келісімге қол қойды. Келісімге келмес бұрын қоғамдық кеңесте тариф құнын 110 теңгеден 330 теңгеге көтеру жайында мәселе талқыға түсті. Алайда қазір қоқыс контейнерлерін қоятын арнайы орын жоқ, жәшіктердің саны да азайды. Бұрын 4 контейнер тұрса, қазір дөңгелегі сынған, «мүгедек» екеуі ғана қалған. Аула ішінде жол жоқ, Жезқазғанның кез келген ауласына кірсеңіз, ұқсас көрініске тап боласыз. Қаланың басым бөлігі осындай жағдайда», - дейді экобелсенді.

Жезқазғанда 21 автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстары басталған. Пушкин, Бабыр би, Ғарышкерлер сынды көшелер биыл ретке келуі тиіс. Алайда қала тұрғындары оған күмәнмен қарайды. Өйткені жыл сайын жолдар жөнделеді, бірақ еш уақытта соңына дейін жеткізілмейді. «Таза қала» бағдарламасында да орталықтағы Абай көшесінің жай-күйі, ашық құдықтардың көптігі және жаяу жүргіншілер жолының мүлдем жоқ екені көрсетілді.

Жаңа, ескі, қирау алдындағы үйлер

Әрине, қалада жұмысы жолға қойылған коммуналдық қызметтер де бар. Мәселен, Қ. Сәтпаев көшесі бойындағы тұрғын үй өткен ғасырдың 60-жылдары салынған. Мұнда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, күтіп-бапталады. Сондықтан әлі күнге сыр бермей тұр.

Қирап тұрған үйлер, қоқысқа толы көшелер
Фото: Видеодан алынған кадр

«Үйлердің жағдайы жақсы, ауланы, кіреберісті әрдайым тазалап тұрамыз, жертөлені де көрсеңіздер болады. Тазалаушылар күн сайын жұмыс істейді, кіреберістер аптасына бір рет жиналады. Ауданда өте жақсы адамдар тұрады», - дейді үйдегі ПИК жетекшісі Любовь Чирик.

Қирап тұрған үйлер, қоқысқа толы көшелер
Фото: Видеодан алынған кадр

Ал өткен жылы аула абаттандырылып, балаларға жаңа ойын алаңы берілген. Мұндай жұмыс өңірде тұрақты атқарылып келеді. Мысалы, биыл Жезқазғанда 31 алаң ашылады. Әйтсе де, қаладағы су жаңа ойын алаңдарының сапасына күмән бар. Бағдарлама жүргізушісі мен қала белсендісі Шәмші Қамзе жерге мықтап орнатылмаған әткеншектердің балаларға қаншалықты қауіпті екенін көрсетті.

Қирап тұрған үйлер, қоқысқа толы көшелер
Фото: Видеодан алынған кадр

«Бұл – жаңа үйдің ауласы. Ауладан бөлек, жертөлеге түссеңіз, көшедегі жаңбыр суы жиналғанын, құрылыс қалдығы жертөлеге үйіліп тасталғанын көруге болады. Бұл қоқысты шығару аса қиын жұмыс емес», - дейді Ш. Қамзе.

Сонымен бірге, қоғам белсендісі Нұрболат Базарбайұлы қабырғасы көрініп тұрған кеңес заманындағы үйлер жөнінде айтып берді.

Қирап тұрған үйлер, қоқысқа толы көшелер
Фото: Видеодан алынған кадр

«Бұл үйлер негізі 1958 жылы салынған. Не жылуы жоқ, не кәріз жүйесі жоқ, амалдың жоғынан адамдар оны баспана етіп отыр. Қоқыстың өзін уақытында жинауға жергілікті биліктің қауқары жетпейді. Егер Төтенше жағдайлар басқармасы осы мәселені қолға алып, сараптама жүргізсе, үйді жарамсыз деп таныр еді. Санитариялық-эпидемиологиялық станция мен полиция да қоқыс жөнінде хаттама толтырып, әкімшілік жауапқа тарта алады. Бұл проблеманы тұрғындар 5-6 жыл бойы айтып келеді. Ешқандай реакция жоқ», - дейді Н. Базарбайұлы.

Қирап тұрған үйлер, қоқысқа толы көшелер
Фото: Видеодан алынған кадр

Некрасов көшесінің бойында да қирауға шақ қалған үйлерді жиі кездестіруге болады. Міне, мына үй – өткен ғасырдың ортасында осы қаланың негізін қалауға атсалысқан құрылысшыларға уақытша берілген баспана. Алайда «уақытша тұру» 80 жылға созылды. Ал оны күтіп-баптау үшін ешқандай ПИК өз жауапкершілігіне алғысы келмейді.

Мүсіншілер мен суретшілер қаласы

Қазақстанның бірнеше қаласында мурал салып көзге түскен талантты топ Жезқазған қаласында тұрады. Мұнда қаланың ажарын ашатын 9 мурал бар және бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын көрінеді.

Қирап тұрған үйлер, қоқысқа толы көшелер
Фото: Видеодан алынған кадр

«Біздің жұмыстарымыз халықтың көңілінен шықты. Бір үйге сурет салсақ, екінші үйдің тұрғындары әкімдікке хабарласып, өздеріне де қажет екенін айтады. Өзге өңірлерден де тапсырыстар түсіп жатыр. Өйткені, көптеген қала ескіріп, сұрқай тартады. Ал мурал көңілге дем береді, қалаға көрік береді», - дейді суретші Айдос Рахымбеков.

Шаһарда жаңа демалыс орындары, аллеялар ашылған. Олардың сәнін келтірер ескерткіштер де көптеп орнатылып жатыр. Бірер жыл бұрын ұлт ұясы Ұлытауда демеушілердің қолдауымен тұтас түркі жұртының киесі саналатын «Көкбөрі» ескерткіші бой көтерді. Еңселі туындының биіктігі – 10 метр. Дүниежүзіндегі ең ірі көкбөрі мүсіні халықтың рухын көтеріп, намысын жанып, елдік пен ерлік ұстанымына үндеп тұратыны сөзсіз.

Қирап тұрған үйлер, қоқысқа толы көшелер
Фото: Видеодан алынған кадр

Мүсінші Амантай Меңдіғалиев мұнымен тоқтап қалмай қала ішінің эстетикасын арттыратын туындылар жасауды қолға алған. Соның бірі – Ұлытауға кіреберіс жолда батырлар мүсінін орнатып, Ұлытауға бара жатқан адамдар демалып, жүрек жалғайтын кешен салғысы келеді. Екінші дүниежүзілік соғыс пен тыл ардагерлеріне арналған «Кейуана» мүсіні де А. Меңдіғалиев шеберханасында әзірленіп жатыр.

Қоқыстан да маңызды мәселелер бар – әкімдік

Күрделі мәселелерді шешу үшін бірер жыл бұрын Ұлытау облысына Берік Әбдіғалиұлы басшылыққа келген еді. Облыс әкімі алдымен қолға алған жұмыстарды тізіп берді. Былтыр 50 ескі үй жөндеуден өтсе, биыл қараша айына дейін тағы 40 үй жаңартылады. Қаланы абаттандырумен айналысатын мекеме де осыдан 3-4 ай бұрын құрылыпты.

Ал қала әкімі Қайрат Шайжанов қоқыс шығаратын мекеме табу қиын екенін айтады.

Қирап тұрған үйлер, қоқысқа толы көшелер
Фото: Видеодан алынған кадр

«2022 жылы жазда қоқыс шығаруға мемлекеттік конкурс жарияладық, оған ешкім қатыспады. Қыркүйек айында екінші рет жарияладық, сонда «Сәт тазалық» мекемесінен басқа ешкім өтінім берген жоқ. Жалпы эстетика, тазалық, абаттандыру мәселелерін келер жылдың еншісіне қалдырдық. Биыл одан да маңызды жұмыстарды – жылу жүйелерін, су құбырларын, кәріз жүйелерін жөндеп жатырмыз. Келесі жылы да бұл жөндеуді жалғастырамыз. Оған биыл 15 млрд қаражат жұмсалды», - деп түсіндірді Қ. Шайжанов.

Бағдарлама жүргізушісі, қала мен облыс әкімдері және тазалық мекемесінің басшысы қоқыс толы аулаларды аралап шықты. Тазалыққа жауапты компания басшылығы арнайы график бар екенін, сол графикке сәйкес қоқыс толы шағынаудан апта соңында бір-ақ жиналатынын айтты. Әкімдер мәселені көп созбауға тапсырма берді.

Қалалар рейтингі

«Таза қала» жүргізушілері Жезқазған қаласы туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.

Бұл шығарылымды сәулетші Серік Рүстембеков, депутат Ерлан Дәкенов және эколог Сәбит Қашқынбаев бағалады.

Қирап тұрған үйлер, қоқысқа толы көшелер
Фото: Видеодан алынған кадр

«Шынын айтқанда Жезқазғанды көріп, қарным ашты. Әбден тозған қалаға ұқсайды. Мақтан тұтатын орындарын да көрсетті, онда да тұғырдың қаттауы, ескерткіш тастары қисық-қыңыр. Көрінген жерде құрылыс және тұрмыстық қалдықтар үйіліп жатыр. Егер айнала тап-таза болып, жарқырап тұрса қоқыс тастауға дәтің де бармайды. Ал мына ортада өскен адамның мәдениеті қандай болмақ?» - деді С. Рүстембеков «Таза қала» бағдарламасында.

Депутат Ерлан Дәкенов те тал егу, ағаш суару жұмыстары байқалмағанын, көшелердегі мәдениет пен эстетика ақсап тұрғанын жеткізді.

«Қаланың көрінісіне, оның ішінде тек қана халықтың мәдениетіне 1 ұпай қойдым. Басқа жағынан алып қарасақ, қарапайым қоқыс жәшіктері жетіспейді, ешқандай сұрыптау жұмыстары жоқ. Тіпті қоқысты уақытында шығарудың өзі үлкен проблема», - деді эколог С. Қашқынбаев.

Жалпы есепте кеншілер қаласы 7 ұпай алып, қалалардың тазалық рейтингінде ең соңғы орынға жайғасты. Бұл тізімде Алматы (25 ұпай), Қызылорда (20 ұпай), Талдықорған (19 ұпай), Шымкент (18 ұпай) қалалары көш бастап тұр.

Қирап тұрған үйлер, қоқысқа толы көшелер
Фото: Видеодан алынған кадр

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek Joly арнасында «Таза қала» ауқымды тележобасы көрерменге жол тартты. Түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барып, тазалығы мен көркі туралы әңгімелейді. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктілермен танысады. Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Семей, Павлодар, Алматы, Талдықорған және Қонаев қалаларының тазалығы жөнінде репортаждар сериясы жарияланған еді.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында телеграм-бот іске қосылды. Енді кез келген адам цифрлық жүйе арқылы құзырлы органға экологиялық арыз-шағымын жеткізе алады. Ол үшін боттың басты мәзірінен «өтініш жолдау» опциясын таңдап, мәселенің мән-жайын толық сипаттап жазып, қосымша фото немесе видео жүктеу керек. Хабарламаңыз жергілікті әкімшілікке жолданады. Артынша өтініш тіркелгені, қаралып жатқаны немесе орындалғаны туралы жауап келеді. Нәтижесінде шағымданушы орындалған жұмысты 5 балдық жүйемен және комментарий жазу арқылы бағалайды. Егер 3-тен төмен баға қойылса, мәселе тыңғылықты атқарылуы үшін әкімдікке қайта жолданады.

Соңғы жаңалықтар