Қырғыз елінен Батыс Қазақстан облысына 80 тонна гуманитарлық жүк жеткізілді

ОРАЛ. KAZINFORM — Бауырлас Қырғыз елінен Батыс Қазақстан облысына 80 тонна гуманитарлық жүк жеткізілді.

Қырғыз
Фото: Замир Ғабдрахманов

Орал қаласындағы Салтанат сарайының жанына келіп тоқтаған жүк көліктерін Ақ Жайық жұртшылығы қарсы алды.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов 3 мыңнан астам шақырым жол жүріп келген қырғыз ағайынға ризашылығын білдірді. 

Қырғыз
Фото: Замир Ғабдрахманов

«Қырғыз бауырларымыз Қазақ елінде болып жатқан осындай сын сағатта алғашқы болып көмек қолын созды. Қазақ даласына 300 тонна халықаралық гуманитарлық көмек жеткізілді. Осыған орай Батыс Қазақстанға керуенді бастап келген Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Замирбек мырзаға, барлық жүргізушіге алғысымызды айтамыз. Қазақ-қырғыз бір туған, тіліміз бір, діліміз бір, дініміз бір. Осы бауырластығымыз мәңгілік жалғаса берсін!» деген Бақытжан Хаберұлы гуманитарлық жүкті бастап келген Замирбек Нарчаевқа «Қырғыз еліне Батыс Қазақстан халқының атынан мың алғыс» деген жазуы бар домбыраны тарту етті.

Қырғыз
Фото: Замир Ғабдрахманов

Қырғыз Республикасы ТЖ министрлігінің өкілі, подполковник З.Нарчаев Орал қаласына 28 адам келсе, соның 18-і жүргізуші, 8-і құтқарушы екенін жеткізді.

«Президентіміздің тапсырмасына сәйкес Қырғыстан елінен жеткізілген 300 тоннадан астам гуманитарлық көмек Қазақстанның төрт облысына бөлінді. Орал қаласына соның 80 тоннадайын жеткіздік. Жүк көліктеріне азық-түлік, төсек-орын, керует секілді тұрмысқа бірінші кезекте қажетті заттар тиелген», - деді Замирбек Нарчаев.

Қырғыз
Фото: Замир Ғабдрахманов
Қырғыз
Фото: Замир Ғабдрахманов

Қырғыз ағайындарға сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан да алғысын білдіріп, бұл біздің бауырластығымыздың айқын көрінісі екенін атап көрсетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын су тасқынына байланысты БҚО-да тұрғандарға гуманитарлық көмек көрсетіліп жатқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда су қоймаларындағы жағдай қалай екендігі жазылды.

Соңғы жаңалықтар