Қырғызстан парламентіне жаңа спикер сайланды
АСТАНА. KAZINFORM — Депутат Марлен Маматалиев Қырғызстан Жогорку Кенешінің жаңа төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
«Ала-Тоо» және «Элдик» депутаттық топтары Марлен Маматалиевтің кандидатурасын парламент спикері қызметіне ұсынды.
Оның кандидатурасын 83 депутаттың 77-сі қолдап дауыс берді, 5 депутат қарсы шықты.
Еске салайық, 12 ақпанда өткен парламент отырысында Жогорку Кенештің бұрынғы төрағасы Нурланбек Тургунбек уулу өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш берген.
Бұған дейін Қырғызстан ҰҚМК басшылық құрамында ауқымды кадрлық өзгерістер болғаны хабарланған еді.
Сондай-ақ Қырғызстанда Президент жанынан Мемлекеттік күзет қызметі құрылып, Шекара қызметі ҰҚМК құрамынан шығарылып, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік шекара қызметі ретінде дербес құрылымға айналды.