Қырғызстан президенті мемлекеттік қызметте әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтті

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік басқаруда гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мақсатында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Кейбір жарлықтарға өзгерістер енгізу туралы» құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Кабар.

гендерное равенство
Фото: Freepik

Агенттік атап өткендей, бұл құжат тек белгілі саяси мемлекеттік және муниципалды лауазымдарды алмастыру үшін басқарушылық кадрлар резервін қалыптастыруға ғана емес, сонымен қатар әйелдердің мемлекеттік және муниципалды басқару жүйесіне кеңірек қатысуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік және муниципалды қызметтің кадрлық әлеуетін дамыту барысында тең мүмкіндік және әділ бәсекелестік қағидаттарын тұрақты институционалды түрде енгізуге бағытталған.

Белгілі саяси мемлекеттік және муниципалды лауазымдарды алмастыруға арналған кадр резервін қалыптастыру аясында келесі шаралар көзделген:

  • Квоталық жүйе енгізу – бір жынысты тұлғалардың үлесі 70%-дан аспауы тиіс;

  • Гендерлік балансты қамтамасыз ету – кадр резервінде аз өкілдікке ие жыныстың кандидаттарына басымдық беру;

  • Кәсіби даму жүйесін енгізу және мемлекеттік және муниципалды қызметтің жетекші лауазымдарына әйелдерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, сонымен қатар дәстүрлі гендерлік стереотиптерге негізделген кедергілерді азайту.

Президент Садыр Жапаровтың жарлығына сәйкес, 2027 жылдың соңына дейін басқарушылық кадрлар резервіне кірген кандидаттардың ішінде әйелдер үлесі кемінде 30% болуы тиіс.

Сонымен қатар, барлық мемлекеттік және муниципалды органдарда жетекші лауазымдарда әйелдердің үлесі кемінде 20%, ал 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш 30%-ға жетуі керек.

Жарлық қол қойылған күннен кейін он күн өткен соң күшіне енеді.

Осыған дейін Президент Садыр Жапаров Камчыбек Ташиевтің отставкаға кетуіне қатысты түсінік берді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум