Қырғызстан шекарадағы ветеринариялық бақылауды реттемекші
АСТАНА.KAZINFORM - Ел үкіметі тауарларды импорттау, экспорттау, транзиттеу және шекара арқылы тасымалдау кезінде мемлекеттік ветеринариялық бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы нұсқаулық әзірледі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі тілшісі.
Министрлер Кабинеті қаулысының жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды.
Нұсқаулық ұлттық ветеринариялық рәсімдерді халықаралық талаптарға сәйкестендіруге және бірыңғай ветеринариялық бақылау рәсімін белгілеуге, сондай-ақ қауіпті жануарлар ауруларын және қауіпсіз емес жануарлар өнімдерін импорттау және тарату қаупін азайтуға бағытталған.
Құжатқа сәйкес, мемлекеттік шекарадан импорттау, экспорттау және транзиттеу кезінде реттелетін жүктерге құжаттық, физикалық және зертханалық тексерулер қолданылуы мүмкін. Тауарларға қатысты барлық транзакциялар «Sanarip VET» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы өңделеді.
Бұған дейін Қырғызстан қауіпті жануарлар ауруларының енгізілуі мен таралуының алдын алу үшін мал мен ет импортына ветеринариялық-санитариялық бақылауды күшейткені туралы хабарланған болатын.
Сондай-ақ, біз елде эпизоотиялық бақылауды күшейту және ветеринария саласын цифрландыру үшін «Індеттің өршуін тіркеу және бақылау жүйесі» географиялық ақпараттық жүйе әзірленгенін хабарладық.