Қырғызстанда алғашқы күн электр станциясы іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Елдің Шу облысына қарасты Кемин ауданында алғашқы күн электр станциясы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Кыргызстан запустил первую солнечную электростанцию
Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі

Қуаттылығы 100 мегаватт болатын станция жылына шамамен 210 млн кВт·сағ таза электр энергиясын өндіреді, ал көмірқышқыл газының шығарындылары 120 мың тоннаға қысқарады. Инвестиция көлемі 56 млн АҚШ долларын құрады. Бұл жоба күн энергетикасына салынған инвестициялар көлемі бойынша ең ірі жобалардың бірі саналады.

Күн электр станциясын іске қосу салтанатты рәсімінде Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров жаңартылатын энергия көздерін белсенді дамытусыз халықты және экономика субъектілерін тұрақты электрмен толық қамтамасыз ету мүмкін емес екенін атап өтті.

— Күн электр станциясының ашылуы — еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтудағы және жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы маңызды кезеңнің бастауы, — деді Қырғызстан Президенті.

Ол елді дамыған әрі заманауи мемлекетке айналдыру жолында тұрақты және таза энергия көздеріне көшудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Еске сала кетейік, Қырғызстанда электр энергиясының тапшылығы байқалады. Электр қуатын үнемдеу мақсатында елдегі мемлекеттік әкімшілік мекемелерде сағат 18:00–ден 06:00–ге дейін ішкі және сыртқы жарықтандыру мен электр құралдарын пайдалану шектелді. Мектептерде де электр энергиясын үнемдеу шаралары енгізілді.

2025 жылғы қыркүйекте Қырғыз Республикасының энергетика министрі «Кабар» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында алдағы қыс ең қиын кезең болатынын ескертіп, азаматтарды электр энергиясын үнемдеуге шақырған болатын. Қазіргі таңда мемлекет тұтынатын электр энергиясы өндірілетін көлемнен асып түсіп отыр. Тапшылық көршілес елдерден электр энергиясын импорттау арқылы жабылады. 

Соңғы жаңалықтар