Қырғызстанда билікті басып алу үшін штаб құрмақшы болған Имамидин Ташов ұсталды

Күдікті ұсталды
Фото: 24.kg

АСТАНА. KAZINFORM — Билікті күшпен басып алмақ болды деген күдікпен іздеуде жүрген Имамидин Ташов Шу облысы Қайыңды ауылында ұсталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз орталығы хабарлады, деп жазады 24 kg.

ҰҚК хабарлауынша, Имамидин Ташов қырғыз-қазақ шекарасын заңсыз кесіп өткен. Ол Алматыдан Қара-Балтаға келе жатқан жерінде ұсталды.

«Қара-Балтада ол билікті басып алу мақсатындағы наразылық акциясын өткізуге күш біріктіретін уақытша штаб ұйымдастыруды жоспарлаған. Имамидин Ташов іздеуде жүргенде әлеуметтік желілер арқылы жұмысқа қабылдау жұмыстарын жүргізген. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.

«KG Group» құрылыс компаниясының басшысы Имамидин Ташовқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол билікті күшпен басып алмақ болды деген күдікке ілінді. Бұған дейін оған іздеу жарияланған болатын. Бұл іске белсенділік танытқан Тілекмат Күренов те айыпталып отыр.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті KG Group компаниясы Бішкекте алты көппәтерлі тұрғын үй салғанын хабарлаған. Бірақ бұл нысандардың ешқайсысы рұқсатсыз салынған құрылыс нысандары болғандықтан пайдалануға берілген жоқ.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Имамидин Ташовтың «бандит сияқты ұрланғанын», тұтқында болғанын айтып, мемлекет кірісіне аударылған 52 миллион сомнан бөлек, тағы 100 миллион сом талап еткенін айтқан видеосы жарияланған болатын.

Соңғы жаңалықтар