Қырғызстанда халықаралық есірткі арнасының жолы кесілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан азаматтарынан құралған трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық есірткі тобының қызметі әшкереленді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Қырғызстанда халықаралық есірткі арнасының жолы кесілді
Фото: видеодан алынған скрин

ҚР ІІМ-нің Есірткі қылмысына қарсы күрес қызметінің мәліметінше, 7 адамнан тұратын бұл топ ұзақ уақыт бойы ауған текті есірткі заттарын аса ірі көлемде Қырғызстан аумағы арқылы контрабандалық жолмен таратқан.

Күдіктілердің уақытша және тұрақты тұратын жерлерінен, сондай-ақ арнайы жабдықталған жасырын қоймалар мен автокөліктерден ауған текті 136,8 кг есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 20,4 кг — апиын, 116,4 кг — гашиш. Сонымен қатар 44,7 мың АҚШ доллары, 8 млн сум, 2 мың рубль және 396 мың сом тәркіленді. Мемлекет кірісіне 6 автокөлік өткізілді.

Аталған дерек бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, Қырғызстанда Nestlе балалар тағамының жекелеген партиялары кері қайтарылып жатыр

Соңғы жаңалықтар