Қырғызстанда көмір бағасына мемлекеттік бақылау енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда 22 қазаннан бастап көмір бағасы 90 күн бойы мемлекеттік бақылауға алынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Бұл шара Экономика және коммерция министрлігінің 21 қазандағы №219 бұйрығымен бекітілді. Нарықтағы жағдайға қарай шектеу мерзімі ұзартылуы мүмкін.
Сонымен қатар Қырғызстанның Монополияға қарсы реттеу қызметі көмірдің бөлшек саудадағы шекті бағасын әр облыс пен Бішкек және Ош қалалары үшін бөлек есептейді.
Монополияға қарсы реттеу қызметінің өңірлік бөлімшелері белгіленген бағаның сақталуын қадағалайды. Бұдан бөлек көмір базалары мен сату орындарында баға көрсеткіштері мен тексерілген таразылар болуға тиіс.
Бағаны негізсіз көтергені үшін жеке тұлғаларға 3 мың сом (15,5 мың теңгеден астам), ал заңды тұлғаларға 13 мың сом (67,4 мың теңге) айыппұл салынады.
Еске сала кетейік, Қырғызстанда көмір экспортына салынған тыйым мерзімі алты айға ұзартылған еді.
Бұған дейін Қырғызстанда АИ-95 маркалы бензин бағасын мемлекеттік реттеу тоқтатылғаны хабарланған болатын.