Қырғызстанда қоныс колониялары жабылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Еңбекпен түзеу мекемесінің соңғы алты колониясын жою жөнінде шешім қабылданды. Енді олардың қажеті жоқ, деп хабарлайды Кабар.
Басылым мәліметінше, бұл бастама мемлекеттік басқару жүйесін бюрократиядан арылту бағытындағы кең ауқымды реформаның бір бөлігі саналады.
Шешімдер кезең-кезеңімен қабылданған. 2025 жылы тиісті кодекстер мен нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіліп, алғашқы колония-қоныстар жабылған болатын. Ал 2026 жылғы 28 қаңтарда реформаның екінші кезеңі жүзеге асып, №26, 42, 43, 44, 45 және 52 мекемелерін тарату туралы түпкілікті шешім шықты.
Реформаның құқықтық негізін 2025 жылғы 31 шілдеде қабылданған №181 Заң қалады. Аталған құжат Қырғыз Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінен «қоныс колониясы» ұғымын толықтай алып тастады.
Реформа пробация жүйесінің функцияларды қайталамауына, мемлекеттік қаржыны ұтымды пайдалануға және ең бастысы — таратылатын мекемелерде еңбек еткен қызметкерлердің құқықтарын қатаң сақтауға бағытталған.
Осыған дейін Қырғызстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаушыларды электронды бақылау енгізілгені туралы жаздық.