Қырғызстанда мектеп формасына қатысты шешім қабылданды
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда мектеп формасына қойылатын қолданыстағы бірыңғай талаптарды өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданды. Бұл туралы елдің Оқу-ағарту министрлігі хабарлады, деп жазады Кабар.
Министрліктің 2026 жылғы 23 сәуірдегі № 545/1 бұйрығымен мектеп формасына қатысты ұсыныстарды қарау үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобы мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар мен сарапшылардың пікірлерін ескере отырып, 2015 жылғы 12 тамыздағы № 572 қаулымен бекітілген «Қырғыз Республикасының жалпы білім беру ұйымдарында мектеп формасына бірыңғай талаптарды енгізу туралы» құжатты өзгеріссіз қалдыру жөнінде шешім қабылдады.
Көп жағдайда ата-аналар балаларға «үсті ашық түсті, асты қою түсті» қағидасына сай мектеп формасын өздері таңдайды. Бұл тәжірибе кең таралған әрі оқу процесінде қиындықтар мен келіспеушіліктер туындатпайды.
Қыздарға арналған мектеп формасы классикалық стильдегі блузка, жилет, белдемше, шалбар, көйлек, алжапқыш және пиджактан тұрады. Киімдер бір түсті немесе тор көз матадан (қара, сұр, көк, бордо) тігіледі. Белдемшенің ұзындығы тізеден кемінде 5 см төмен, ең ұзын нұсқасы балтыр ортасына дейін болуы тиіс. Рұқсат етілетін жейде түстері: ақ, ашық сұр, ашық көк. Киім жиынтығында үш түстен артық қолдануға болмайды.
Ұлдарға арналған мектеп формасы жейде, жилет, шалбар және пиджактан тұрады. Барлығы классикалық стильде, қара, сұр, көк немесе бордо түстерінде тігіледі. Шалбар тік пішінді болуы тиіс, аяқ жағына қарай аздап тарылтуға рұқсат етіледі. Жейде түстері қыздарға қойылатын талаптармен бірдей. Жалпы киім жиынтығында үш түстен артық қолдануға болмайды.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бірыңғай әрі ұстамды мектеп формасы балалар арасындағы әлеуметтік айырмашылықтарды азайтып, киімге байланысты бәсекелестіктің және материалдық жағдайға қатысты қысымның алдын алуға ықпал етеді.
Бұдан бұрын Қырғызстанда білім беру саласы қызметкерлерін марапаттау жүйесі жаңартылғанын жаздық.