Қырғызстанда мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы артады

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік қызметкерлер мен жергілікті өзін-өзі басқару қызметкерлерінің жалақысы өседі, деп хабарлайды Кабар.

чиновник
Фото: Мухтар Холдорбеков/ Kazinform

Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару және өңірлік бөлімшелер қызметкерлерінің жалақысын арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ош қаласында тұрғындармен кездесу барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, ең алдымен бюджет саласы қызметкерлерінің — мұғалімдердің, дәрігерлердің, мемлекеттік және муниципалдық қызметкерлердің, сондай-ақ әскери қызметшілердің жалақысын көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Осы айдың соңына дейін мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері 100%-ға өсірілген жалақы алады. Бұл шаралар жергілікті жерлердегі мемлекеттік мекемелердің жұмысын жақсарту үшін қолға алынып отыр, — деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Садыр Жапаров зейнетақы жүйесінде тұрақты өсім байқалып отырғанын атап өтті.

— Егер 2021 жылы зейнеткерлердің 49%-ы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен зейнетақы алса, бүгінде 95%-ы осы деңгейден жоғары алады. Біз мұнымен тоқтамаймыз. Әлемдегі бағаның өсуі мен жаһандық дағдарыстарға байланысты жалақы мен зейнетақыны арттыру — басым бағыттардың бірі болып қала береді, — деді президент.

Осыдан бұрын Қырғызстанда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы өсетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар