Қырғызстанда сайлауалды үгіттеу науқаны басталды
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстанда 10 қарашаданнн бастап Жогорку Кенеш депутаттарын мерзімінен бұрын сайлауына арналған үгіттеу науқанының кезеңі басталды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Қырғыз Республикасы ОСК мәліметінше, сайлауалды үгіт-насихат 20 күнге созылады. Ол 2025 жылдың 10 қарашасында басталып, 2025 жылдың 29 қарашасында таңғы сағат 8:00-де аяқталады. Үгіт-насихат жиналыстарда, митингілерде, БАҚ және онлайн басылымдар арқылы жүргізілуі мүмкін. Сайлау комиссиялары үгіт-насихат жұмыстары мен сайлаушылармен кездесулердің өткізілуін қамтамасыз етуі тиіс.
Қырғыз Республикасы аумағында таратылатын шетелдік БАҚ-та сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады. Сайлау өткізу кезеңінде шетелдік теле және радио бағдарламаларының ретрансляциясы жазылады.
Заңнамаға сәйкес, келесі адамдарға үгіт жүргізуге, кез келген үгіт материалдарын шығаруға немесе таратуға тыйым салынады:
* мемлекеттік азаматтық және муниципалдық қызметкерлер;
* Жоғарғы Кенеш депутаттарын қоспағанда, мемлекеттік саяси лауазымдарды атқаратын тұлғалар;
* жергілікті кенеш депутаттарын қоспағанда, арнайы мемлекеттік және муниципалдық саяси лауазымдар;
* сайлау комиссияларының мүшелері;
* бақылаушылар, халықаралық бақылаушылар;
* діни қайраткерлер;
* қайырымдылық қызметімен айналысатын ұйымдардың негізін қалаушылар және мүшелері;
* 18 жасқа толмаған тұлғалар
* шетелдік азаматтар мен ұйымдар;
* азаматтығы жоқ адамдар;
* жергілікті қоғамдық өзін-өзі басқару органдарының қызметкерлері.
Еске сала кетсек, Қырғыз Республикасы Президентінің 30 қыркүйектегі жарлығымен Жогорку Кенеш депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауы 2025 жылдың 30 қарашасы, жексенбі күні өткізілетіні бекітілді.
Қырғызстандағы парламент сайлауына 467 кандидат тіркелді. Ал Қырғызстан Республикасының Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясы мерзімінен бұрын парламенттік сайлауға 127 халықаралық бақылаушы аккредиттеді.
Қырғыз Республикасының Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясы 5 қарашада Алматы, Тараз және Шымкент қалаларында қосымша үш сайлау учаскесін құру туралы қаулы қабылдады.
Бұған дейін Қазақстанда Қырғыз Республикасының азаматтары Астанадағы (ҚР-дағы Қырғызстан елшілігі), Алматыдағы (ҚР-дағы Қырғызстанның Бас консулдығы) және Атырау мен Қарағандыдағы учаскелерде дауыс бере алатынын хабарлаған едік.
Бұған дейін Қырғызстанға парламенттің өзін-өзі таратуы не үшін қажет екенін жазған едік.