Қырғызстандағы президент сайлауына арнап Қазақстанда алты сайлау учаскесі ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссия алдағы президент сайлауында дауыс беру үшін 33 елдегі 74 сайлау учаскесін бекітті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Қырғызстандағы президент сайлауына арнап Қазақстанда алты сайлау учаскесі ашылды
Фото: Кабар

Комиссияның мәліметтері бойынша, шетелде жүрген Қырғызстан азаматтарының дауыс беру құқығын қамтамасыз ету үшін мына елдерде сайлау учаскелері ашылды:

  • Ресейде 20 сайлау учаскесі;
  • Түркия мен Қазақстанның әрқайсысында алтаудан;
  • АҚШ-та 5;
  • Корея Республикасы мен Италияда үшеуден;
  • Өзбекстан, Германия, Қытай және БАӘ — екеуден;
  • Аустрия, Чехия, Словакия, Польша, Ұлыбритания, Беларусь, Литва, Венгрия, Бельгия, Франция, Швейцария, Сауд Арабиясы, Кувейт, Қатар, Египет, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Малайзия, Пәкістан, Үндістан, Жапония және Моңғолияда бір-бірден сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Бұл тізім алдағы уақытта жаңаруы мүмкін, өйткені сайлау күніне дейін шетелдерде қосымша сайлау учаскелерін ашу жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, Қырғызстанда президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарда өтеді.

Қырғызстанда президент сайлауына қатысуға алғашқы кандидат 14 қазан күні өтініш берген.

Садыр Жапаров та Қырғызстан президенттігіне өз кандидатурасын ұсынған.

Сонымен қатар Қырғызстандағы президент сайлауына барлығы 1,2 млрд сом (шамамен 6,06 млрд теңге) жұмсалмақ.

Қырғызстанда президент болу үшін 11 кандидат бәсекеге түспек.