Қырғызстандықтар Қазақстанда жоғары сапалы медициналық көмек алады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Қырғызстан медициналық әріптестікті нығайтуға келісті, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Қырғызстан пациенттері Қазақстанда жоғары сапалы медициналық көмек алады
Фото: ДСМ

Алматыда Инфекциялық аурулар ұлттық ғылыми орталығының базасында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары Эдил Байсаловпен кездесті.

Министр екі мемлекет басшыларының басшылығымен екіжақты қатынастар дәйекті түрде нығайып келе жатқанын, әсіресе денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Қырғызстан пациенттері Қазақстанда жоғары сапалы медициналық көмек алады
Фото: ДСМ

Келіссөздер барысында тараптар инфекциялық және инфекциялық емес аурулармен күрес саласындағы әріптестікті одан әрі кеңейтуге, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыруға және кадрлық әлеуетті дамытуға қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады.

Сондай-ақ бірлескен сатып алу, дәрілік заттарды тіркеу рәсімдерін жеделдету, GMP-стандарттар бойынша сараптама алмасу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл белгіленді. Онкологиялық қызметті дамытуға ерекше көңіл бөлінді. 

Министр Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғырту және емдеудің жоғары технологиялық әдістерін кеңейту туралы айтып берді.

— Іс-шараның қорытындысы бойынша тараптар Қырғызстаннан келген пациенттердің Қазақстандағы балалар онкогематологиялық көмегіне қолжетімділігін кеңейтуге, жылына 800-ден астам пациентті емдеуге арналған жаңа Протон орталығы шеңберінде өзара іс-қимыл жасауға, балалар кардиохирургиясы және ересектер онкологиясы бойынша халықаралық хабтар құру жобаларына Қырғызстанның қатысу мүмкіндігін қарастыруға келісті. Тараптар тұрақты әріптестік тек құжаттарға ғана емес, екі елдің медициналық қауымдастықтары арасындағы өзара қолдауға, білім алмасуға және кәсіби байланыстарға негізделетінін атап өтті, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Қырғызстан пациенттері Қазақстанда жоғары сапалы медициналық көмек алады
Фото: ДСМ

А. Әлназарова ағымдағы бастамалар айтарлықтай нәтиже беріп, медициналық көмектің сапасын арттыруға, кадрлық әлеуетті дамытуға және халықтың заманауи емдеу технологияларына қолжетімділігін кеңейтуге ықпал ететінін алға тартты.

Іс-шарада қазақстандық медицина тәжірибесі кеңінен ұсынылды, пациенттерді диагностикалау мен емдеудің инновациялық технологиялары таныстырылды.

Бұдан бұрын Денсаулық сақтау министрі ұшақта жағдайы нашарлаған жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсеткені белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар