Қыс басталғалы 1,1 мыңнан астам адам қар құрсауынан құтқарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Төтенше жағдайлар министрлігінде қысқы кезеңнің өтуі, апаттық-құтқару жұмыстарының жүргізілуі және алдағы метеорологиялық жағдайға болжам жөнінде баспасөз брифингін өткізді.
Ведомствоның хабарлауынша, қысқы кезеңде төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында ел бойынша 44 мыңнан астам құтқарушы және 14 мыңнан аса техника әзірленген. Орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың міндеттері айқындалған.
— 2025 жылғы 1 қарашадан бері қар құрсауынан 1 137 адам құтқарылып, эвакуацияланды, оның ішінде 129 бала бар. Сондай-ақ 199 техника қардан шығарылды, — деді ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің басшысы Магомед Ахриев.
Оның айтуынша, ел өңірлерінде 1 681 жылыту пункті дайындалды. Сонымен бірге, 40 трассалық медициналық-құтқару пункті де жылыту пункті ретінде пайдаланылатын болады.
ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында республикалық жедел штаб жұмыс істеп тұр, мұндай штабтар елдің барлық 17 өңірінде құрылған.
Азаматтық қорғау күштері мен басқару органдарының дайындығын бағалау мақсатында барлық өңірде алдын ала «Қыс-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілген.
Өз кезегінде «Қазгидромет» РМК өкілдері ауқымды циклон ел аумағының басым бөлігінде жалғасатынын айтып отыр. Осыған байланысты қар, боран және желдің күшеюі күтіледі. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын, көктайғақ және тұман болжанып отыр.
Бұған дейін ТЖМ қазақстандықтарды сақтық шараларын ұстануға, дауылды ескертулерді бақылауға және қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырған болатын.