Қыс қызықтары: Бурабайда қандай туристік орындарға баруға болады
БУРАБАЙ. KAZINFORM – Бурабай курортында қысқы маусым салтанатты түрде ашылды. Қазақстанның інжу-маржаны саналатын Бурабай қылқан жапырақты орманымен, таза ауасымен және емдік көлдерімен мақтана алады.
Қыс кезінде де мұнда шаңғы, коньки, сноубордпен сырғанап, Лапландияға, бұғы-марал шаруашылығына барып, жабайы табиғатпен танысуға болады.
Айта кетейік, жыл басынан бері Бурабайға 1 миллионнан астам турист келген. Биыл салынған Бурабайдағы мұз қалашығы ауқымдылығымен және жарқын аттракциондарымен таңғалдырады: онда биіктігі 8 метрлік екі үлкен сырғанақ, кең мұз айдыны, коньки, плюшка және басқа да қысқы жабдықтарды жалға алу қызметтері бар. Оны ұйымдастырған «Бурабай Даму» ЖШС заманауи туристік нысандарды құрып, қонақтарға жыл бойы жайлы демалыс ұсынуда табысты еңбек етіп келеді.
Жаңа туристік пойыз ашылды
Бурабай курорты Астананың солтүстігіне қарай 250 шақырым жерде орналасқан, оған пойызбен, автобуспен немесе таксимен жетуге болады. Қазіргі уақытта Астанадан Бурабай курортына дейін әртүрлі кестемен 5 пойыз қатынайды. Солардың бірі – «Астана – Бурабай курорты» жаңа туристік электр пойызы Тәуелсіздік күні қарсаңында іске қосылды. Бұл бағыттың ерекшелігі – курорттық аймаққа еш аялдамасыз 2 сағат 26 минутта жетуге болады.
№ 7515/7516 «Астана-Бурабай курорты» туристік бағыты тақырыпқа сай безендірілген. Онда 6 вагон бар және 574 жолаушы сыяды. Пойыз вагондары Қазақстанда жасалған (ЗИКСТО) және «Комфорт Плюс» класты орындықтармен жабдықталған. Билет құны небәрі 2500-2700 теңге аралығында.
Электр пойызда микроклимат жүйесі, жылдам қуаттайтын USB-розеткалар, Wi-Fi және велосипед бекітуге арналған құралдар бар. Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін арнайы көтергіштер мен мүгедектер арбаларына арналған орындар қарастырылған.
Сонымен қатар жол бойында Астана мен Бурабайдың табиғаты мен тарихы туралы эксклюзивті аудиогидті тыңдауға болады.
Санта Клаус резиденциясына саяхат
Қазақстандық Лапландия немесе Санта клаустың резиденциясы – Бурабайда қысқы демалысты жоспарлағандар үшін таптырмайтын қызықты мекен. Келушілерге Санта резиденциясы бойынша «Әлемнің жеті кереметі» атты экскурсия ұйымдастырылады. Экскурсия барысында эльфтер әлемі мен Санта клаус күтеді. Сондай-ақ, Санта клаусқа тілек хатын қалдыруға болады.
Биылғы қыста қазақстандық Лапландия резиденцияның жаңартылған дизайнымен қуантады. Онда декоративті жарықтар мен тақырыптық фотозоналар, Аяз атаның поштасы, бірегей жануарлары бар мини-зообақ, балалар мен ересектерге арналған ойын аймақтары және ойын-сауықтар ұсынылады. Сонымен қатар, кішкентай қонақтар үшін аниматорлардың бақылауымен балаларды қалдырып кетуге болатын ойын үйі мен балалар бөлмесі ашылған.
Резиденция аумағында басқа да қызықтар бар. Мысалы, хаски және бұғыға жегілген шанамен сырғанауға болады. Жергілікті шаман туристерді өз мекенімен таныстырып, шаман дәстүрі туралы әңгімелеп береді. Одан бөлек, пониға мініп және квадроцикл тебу қарастырылған.
Айта кетейік, қазақстандық Лапландия жыл сайын қарашаның ортасынан бастап, келер жылдың сәуіріне дейін жұмыс істейді.
Марал шаруашылығы
Ақмола облысы Бурабай кентінің іргесіндегі теңбіл бұғының мүйізі мен қанынан емдік өнім алатын «AQ MARAL» шаруашылығы жұмыс істейді. Бұл да Бурабай курортын дамыту мақсатында жүзеге асырылған жоба. Шаруашылықта пантоемдеу орталығы, дәстүрлі киіз үйлер мен ұлттық салт-дәстүрлерді сақтаған шағын этноауыл жұмыс істейді. Әсіресе шетелдік қонақтар осы нысанға ерекше қызығушылық танытады.
Бурабайдың табиғи ортасы марал өсіруге өте қолайлы. Таулы-орманды далалар маралдардың қажетті салмақ жинап, табиғи дамуына мүмкіндік беретін толыққанды қорекпен қамтылған. Бүгінде марал өсіру шаруашылығында шамамен 200 жануар бар. Олар өздерінің табиғи мекенінде – 600 гектарды құрайтын қалың орман алқабында еркін жайылады. Барлық марал ветеринарлардың қатаң бақылауында.
– Жазды күні маралдар көк шалғынды қуалап жайлып, қолға көп келе бермейді. Мекендейтін шаруашылық аумағы темір торлармен қоршалған. Теңбіл бұғы 14-15 жыл өмір сүреді. Оның 3 жасынан бастап мүйізін кесіп, емдік мақсатта пайдаланамыз. Негізінен маусым-тамыз айларында кесеміз. Наурыздың аяғында маралдың мүйізі өздігінен түсе бастайды да, орнына жаңасы өсіп шығады. Сол мүйіздер 10-15 сантиметрдей өскен кезде түбінен екі елі тұқылын қалдырып кесеміз. Бұғының жас мүйізінде жан болмайды. Дұрыс өлшеп, кессе ауырсынуды сезбейді, - дейді орталықтың шаруашылық басшысы Айболат Рахматулин.
Пантоемдеу орталығында маралдың мүйізінен дәрілік заттар өндіріледі. Өйткені марал мүйізінде иммунитетті нығайтуға, буын, жүрек ауруларымен күресуге, жүйке жүйесін қалпына келтіруге, өмірлік күш-қуатты арттыруға арналған әртүрлі микроэлементтер, витаминдер және биологиялық белсенді заттар бар.
Жаңа мультимедиялық кешен
Биыл Бурабайдағы мультимедиялық интерактивті кешен ауқымды жаңғыртудан өтіп, Қазақстандағы ең жоғары технологиялық музейлердің біріне айналды. Ондағы заманауи анимациялық және аудиовизуалдық технологиялар әрбір келушіге қазақ мәдениетінің бірегей атмосферасына енуге және еліміздің тарихы туралы көбірек білуге мүмкіндік береді. Заманауи кешен күніне 500 келушіні қабылдай алады.
Жаңа кешеннің медиаконтенті тұрақты түрде жаңартылып отырады және оған ойын-сауық пен танымдық материалдар кіреді. Бұл туристерге түрлі бағдарламалардан ләззат алып, жаңа әрі қызықты ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Мультимедиалық интерактивті кешен 9 залға бөлінген. «Қазақстанға саяхат» бөлімі — Бурабай, Медеу, Шымбұлақ, Шарын каньоны, Каспий теңізі, Түркістан, Үстірт үстірті, Мұзтау, «Байқоңыр» ғарыш айлағы секілді еліміздің туристік орындарының байлығы мен сұлулығын көрсетеді.
Заманауи технологиялардың арқасында келушілер өздерін Қазақстан тарихының бір бөлшегі ретінде сезіне алады.
«360 куб» залы – бейнені кескіндейтін бірегей технологиясы бар Қазақстандағы жалғыз зал. Бес проектор мен екі бүйірлік экран 270 градустық панорамалық кескін жасайды, бұл көрермендерге өзін фильмнің бір бөлшегі сезінуге мүмкіндік береді. Аталған формат перифериялық көруді қолдану арқылы жаңа сезімдер тудырады және барлық көрініс бөлігін көруге мүмкіндік береді.
Ал «Абылай хан» қысқаметражды көркем фильмінде қазақ халқының біртуар перзенті – Абылай хан атанған бала Әбілмансұрдың өмір жолы баяндалады. Басты рөлді қазақтың белгілі актері Жандос Айбасов сомдаған. Сонымен бірге, келушілер Абылай ханның батасын алып, садақ атып және кедергілерді еңсеріп жүрген батыр сияқты сезінуге болады.
Ойын түріндегі интерактивті экспозициялар балалар мен шетелдік қонақтарға ұлттық музыкалық аспаптар, ою-өрнектер, сондай-ақ қазақ даласының жануарлар әлемі мен өсімдіктері туралы білуге көмектеседі. Шежіре залында елдің интерактивті картасынан барлық қазақ руларын, олардың таңбасын және тұратын жерлерін біріктіретін символдық бәйтерек ағашы орналасқан. Мұндағы мақсат — руға бөліну емес, әр адамның шыққан тегі мен тарихын білуге көмектесу.
Ұлттық паркке кіру тарифі қалай өзгерді
Биыл Салық кодексінен Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін алынатын төлем республикалық бюджетке түсетіні туралы нормалар алынып тасталды. Қазір төлем тек қана ұлтттық парктің арнайы есепшотына түседі және әрбір парк өзінің тарифтерін белгілейді.
− Бурабай – еліміздегі халық ең көп келетін ұлттық парк. Биыл келген туристер саны 1 миллионнан асты және жыл санап артып келе жатыр. Әрине, туристер көп болған сайын жергілікті табиғатқа да үлкен салмақ түседі. Қоқыс көбейеді, топырақ эрозияға ұшырайды, тау-тастар бүлінеді. Өрт қаупі күшейеді. Жұмыс күшін көбейтуге тура келеді. Оның барлығы қосымша шығынды қажет етеді, - дейді «Бурабай» МҰТП директорының орынбасары Венера Нұғманова тілшілерге берген сұхбатында.
Осылайша, парк аумағына жеңіл көлікпен кіру құны жұмыс күндері – 0,3 АЕК (1107 теңге), демалыс және мереке күндері – 0,4 АЕК (1476 теңге) болып белгіленген.
Тиісінше 16 орындық автобустар үшін кіру ақысы – 1 және 1,5 АЕК (3692 және 5538 теңге), 16-32 орындық автобустар үшін 2 және 2,5 АЕК (7384 және 9230 теңге), 32-ден артық жолаушыға арналған автобустар үшін – 3 және 3,5 АЕК (11 076 және 12 922 теңге).
Сондай-ақ, «Бурабай» ұлттық паркінің аумағында тұратын, сондай-ақ ұлттық паркпен іргелес елді-мекендердің 26,5 мың халқынан еш төлемақы алынбайды. Олардың автокөлік нөмірі электронды базада тіркелген. Қазіргі таңда «Бурабай» паркіне кіретін тұстарда автоматтандырылған 5 өткізу-бақылау бекеті жұмыс істеп тұр. Төлемді Kaspi және Halyk Bank QR-кодтары арқылы жасауға болады.