Қысқа дайындық: ШҚО-да төтенше жағдайларға жедел ден қоюға 800-ден астам техника дайындалды
Шығыс Қазақстан облысында қыс мезгіліне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

ШҚО ТЖД өкілдері қыс мезгіліне дайындық жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Өңір бойынша төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін 1535 адамнан тұратын топтар мен 838 техника дайын тұр. Оның ішінде 568 техника жергілікті атқарушы органдар мен жол ұйымдарына тиесілі.
Облыстағы барлық өндірістік үй-жайлар мен жылыту пункттері қысқа дайындалып, көмір, жанар-жағармай және бірінші кезекте қажетті өнімдермен қамтамасыз етілген. 140 мың тонна көлемінде жанар-жағармай қоры сатып алынып, екі тоннадан астам көктайғаққа қарсы материал дайындалды. 130 уақытша жол белгісі алынып, орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 720 тонна көмір сатып алынған.
1 қарашадан бастап жол құрылымдарының тәулік бойғы диспетчерлік қызметтері жұмысын бастады. Өңірде республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда 7 жылыту пункті жұмыс істейді.
ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Ринат Кондыбаевтың айтуынша, өткен қысқы кезеңде облыс жолдарында құтқарушылар 7 апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізген.
«Барлығы 168 адам құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді. Қар құрсауында қалған 7 техника эвакуацияланды. Республикалық тасжолда зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Ұлан ауданы Привольное ауылында орналасқан трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді», - дейді ол.