Қысқы Олимпиада-2026: Хоккейден Қазақстан құрамасының іріктеу сатысындағы қарсыластары анықталды

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының 2026 жылғы Қысқы Олимпиада іріктеу сатысындағы қарсыластары белгілі болды. 

хоккей
Фото: icehockey.kz

Халықаралық хоккей федерациясы олимпиадалық іріктеу сатысындағы барлық топта сынға түсетін құрамалар тізімін жариялады.

Қазақстандық хоккейшілер D тобында Словакия, Австрия және Венгриямен 2026 жылы Италияда өтетін Қысқы Олимпиадаға берілетін жолдаманы сарапқа салады. Ойындар 2024 жылдың 29 тамыз және 1 қыркүйегі аралығында Словакия астанасы Братислава қаласында өткізіледі.

Ал E тобында Латвия, Франция, Словения және Украина сынға түссе, F тобында Дания, Норвегия, Ұлыбритания және Жапония ойнайды.

Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы екі мәрте Олимпиада ойындарында бақ сынады. 1998 жылы - 8, 2006 жылы - 9 орынға табан тіреледі. Қалған жылдарда іріктеу сатысынан аса алған жоқ.

2026 жылғы Қысқы Олимпиада 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында болады.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан 2028 жылғы хоккейден әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді.

Соңғы жаңалықтар