Қысқы универсиада: Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Оңтүстік Кореямен кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы Қысқы универсиадаға шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы екінші ойынын Оңтүстік Кореяға қарсы өткізеді.

Студенттік ойындар 13-23 қаңтар аралығында Италияның Турин қаласында болады.
Қазақстан ерлер құрамасы А тобында сынға түседі. Қарсыластары - Канада, Чехия, Оңтүстік Корея және Швеция.
Бүгінгі кездесу қазақстандық уақытпен 20:30-ға белгіленген.
Екі құрама бұған дейін 2023 жылы Қысқы Универсиадада кездесіп, ол жолы қазақстандық хоккейшілер қарсыласынан 5:1 есебімен басым түсті.
Ерлер құрамасы бұған дейін алғашқы ойында Швециядан 9:2 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ енді 15 қаңтарда Канада, 17 қаңтарда Чехиямен шеберлік байқасады. Ал қыздар құрамасы бүгінгі ойынын Чехияға қарсы өткізеді. Олар бұдан бұрын Жапонияға 0:10 есебімен жеңіліп қалды.
Енді тағы бір ойынында 16 қаңтарда АҚШ-пен шеберлік байқасады.
Дүбрлі додада қазақстандық 103 спортшы 11 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Олар биатлон, шорт-трек, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, қысқы спорттық бағдарлау, фристайл, тау шаңғысы, ерлер және әйелдер хоккейі, сондай-ақ парашаңғы жарыстары бойынша сынға түседі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қысқы универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі өткенін хабарлаған едік.