Қысқы Универсиада: Шайбалы хоккейден қыздар құрамасының қарсыластары анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы Қысқы Универсиадаға қатысатын Қазақстан қыздар құрамасының қарсыластары анықталды.
Дүниежүзілік дода 13-23 қаңтар аралығында Италияның Турин қаласында өткізіледі.
Қазақстандық хоккейшілер В тобында сынға түседі. Қарсыластары — Жапония, АҚШ және Чехия.
Ойын кестесі төмендегідей:
13 қаңтар, 00:00. Жапония — Қазақстан
14 қаңтар, 20:30. Чехия — Қазақстан
16 қаңтар, 20:30. Қазақстан — АҚШ.
Ал еліміздің ерлер құрамасы А тобында Канада, Чехия, Оңтүстік Корея және Швециямен шеберлік байқасады.
Олар алғашқы ойынын 12 қаңтарда Швецияға қарсы өткізсе, одан кейін 14 қаңтарда Оңтүстік Корея, 15 қаңтарда Канада, 17 қаңтарда Чехиямен ойнайды.
Дүбірлі додада спортшылар 11 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Қазақстан құрамасынан 103 спортшы қатысады.
Олар биатлон, шорт-трек, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, қысқы спорттық бағдарлау, фристайл, тау шаңғысы, ерлер және әйелдер хоккейі, сондай-ақ парашаңғы жарыстары бойынша сынға түседі.
XXXII Дүниежүзілік қысқы универсиаданың салтанатты ашылуы 13 қаңтарда өтеді. Ашылу рәсімі «Qazsport» телеарнасында сағат 23:30–да тікелей эфирде көрсетіледі.
Осыған дейін Алматы фристайлдан әлем кубогының кезеңдерін өткізуге дайындалып жатқаны хабарланды.