Қыста да SPF жағу керек пе — дерматолог пікірі

АСТАНА. KAZINFORM — Қыс келе қалса, қыздарды алаңдататын басты жайт — бет терісінің құрғақтығы. Ал салқын жыл мезгілінде теріні қалай қорғау керек? «Бүгін LIVE» бағдарламасына қонақ болған дерматолог жауап берді.

Гүлдана Жақыпбе
Фото: Видеодан алынған скрин

— Ең бірінші, бөлмедегі ауа тым құрғақ болмау керек. Қыс келіп, жылу маусымы басталғанда әдетте бөлмедегі ылғалдылық азаяды. Сол үшін түнгі уақытта ауа ылғалдандырғыш қосып қою керек. Екінші, теріні үнемі ылғалдандырып, крем жағуымыз қажет. Кремді таңертең және кешке жақсақ болады. Ал негізі әр душтан, бассейннен шыққан сайын және қашан қолыңыз тиіп, есіңізге түскенде бет терісін ылғалдандырып қою артық етпейді. Содан кейін, қазіргі косметологияның дамыған заманында түрлі егу процедураларын жүргізсек болады. Арнайы гиалурон қышқылының көмегімен теріні ылғалдандыра аламыз, — дейді Гүлдана Жақыпбек.

Маман бет күтіміне арналған косметикаларды қалай таңдау керегін айтты.

— Бет күтіміне арналған косметика таңдар алдында дерматолог-косметолог мамандармен кеңескен жөн. Дерматолог әр науқастың тері типіне қарай қандай өнімдерді қолдану керегін нақты айта алады. Сол үшін әр адам жеке-жеке кеңес алған жөн, — дейді ол.

Ал қыз-келіншектердің басты сұрағы — қыста SPF крем жағу керек пе?

— SPF кремін әдетте бетке дақ түспес үшін, күннен қорғану үшін пайдаланамыз. Екінші, терідегі қатерлі ісіктің алдын алу мақсатында да жағамыз. Оның сыртында жазылып тұратын +30, +50 деген ақпарат — жай маркетинг. Олардың күннен қорғау қабілеті шын мәнінде бірдей. Оны да өз тері типіңізге қарай таңдайсыз. Яғни, сіздің теріңізге қайсысы ыңғайлы болса, соған қарай алу керек. Ал қысқы уақытта аққұба адамдар SPF жағу керек. Нақты ақпаратты өз фототипіңізге қарай кеңес алып біле аласыз, — дейді дерматолог.

Айта кетейік, Қытай ғалымдары қандағы қант деңгейінің төмендеуін қамтамасыз ететін және дәстүрлі инъекциялар әсерімен салыстыруға болатын инвазивті емес инсулинді тері арқылы жеткізудің жаңа технологиясын ойлап тапты.

Соңғы жаңалықтар