Қытай АҚШ-тағы аралық сайлауға қатысты пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тағы аралық сайлау елдің ішкі ісі екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Бейжің Вашингтонмен сындарлы қарым-қатынасты дамытуға дайын екенін жеткізді.

Қытай АҚШ-тағы аралық сайлауға қатысты пікір білдірді
Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

Бұл туралы Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин бүгін өткен кезекті баспасөз брифингінде мәлімдеді.

— Аралық сайлау — АҚШ-тың ішкі ісі. Қытай тарапы екі ел басшылары қол жеткізген маңызды уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін америкалық тараппен бірлесіп жұмыс істеуге дайын, — деді ол.

Сондай-ақ ол Бейжің диалогты нығайтуға, келіспеушіліктерді тиісті деңгейде реттеуге, ынтымақтастықты кеңейтуге және Қытай мен АҚШ арасында өзара құрметке, әділдік пен теңдікке негізделген, стратегиялық тұрақтылықты көздейтін сындарлы қарым-қатынас орнатуға ниетті екенін айтты.

Еске салайық, АҚШ-та аралық сайлау 3 қарашада өтті. Алдын ала нәтижелер бойынша Демократиялық партия Конгрестің қос палатасына да бақылау орнатты. Бұл демократтарға заң шығару үдерісіне ықпал етудің негізгі тетіктерін беріп, Республикалық партияның заңнамалық бастамаларды өткізу мүмкіндігін шектейді.

Бұған дейін АҚШ Конгресінде билік ауысуы мүмкіндігін, демократтар Өкілдер палатасын бақылауға алып жатқанын хабарлаған едік.