Қытай балабақша төлемдерінің бірыңғай ережелерін енгізеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай билігі балабақша төлемақысын өндіріп алудың жаңартылған ережелерін бекітті, олар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жаңа саясат отбасыларға түсетін қаржылық ауыртпалықты азайтуға, төлем жүйесін ашық етуге және мемлекеттің тууды ынталандыру бойынша шараларын қолдауға бағытталған, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Қытай балабақша төлемдерінің бірыңғай ережелерін енгізеді
Фото: Синьхуа

Құжатқа сәйкес, балабақшаларда қабылданатын төлем түрлерінің нақты тізімі болады. Бұған бала күтімі және мектепке дейінгі білім беру, тұру және қызмет көрсету төлемдері кіреді. Бөбектер топтарын ашатын балабақшалар ерте жастағы балаларға күтім үшін қосымша төлем өндіре алады. 

Мемлекеттік және коммерциялық емес жекеменшік балабақшалар үшін оқу және тұру ақысы мемлекет тарапынан реттеледі. Провинциялық билік органдары тарифтерді нақты операциялық шығыннан мемлекеттік субсидияларды алып тастау негізінде белгілейді.

Коммерциялық жекеменшік балабақшалар өз қызметтерінің құнын дербес анықтау құқығын сақтайды, бірақ бұл туралы білім беру органдарына хабарлауға міндетті болады. Билік қажет болған жағдайда бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін шығындар құрылымына тексеріс жүргізе алады.

Жаңа саясатта ашықтыққа ерекше назар аударылды. Барлық балабақша алынатын ақылар туралы ақпаратты ресми сайттар мен ақпараттық стендтерде жариялауға міндетті. Бекітілген тізімге кірмейтін кез келген ақыны, соның ішінде қосымша іс-шараларды және мектепке қабылдауға байланысты ата-аналардың ерікті қайырымдылықтарын алуға тыйым салынады.

Осыған дейін Қытай мектепке дейінгі тегін білім беру жүйесін енгізгенін жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар