Қытай экспорты қазан айында 1,1%-ға төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай экспорты қазан айында күтпеген жерден 1,1%-ға төмендеді, бұл көрсеткіш экономистер болжаған 3%-дық өсімнен әлдеқайда төмен.
Қытайдың Бас кеден басқармасы 7 қараша күні жариялаған мәліметке сәйкес, доллармен есептегенде, қазан айында экспорт көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға азайған. Қыркүйек айында Қытай экспорты 8,3%-ға өскенін еске алсақ, айырмашылықтың айтарлықтай екеніне көз жетеді. Сондай-ақ Reuters сауалнамасына қатысқан экономистердің қазан айында экспорт 3%-ға өседі деген болжамы да ақталмады.
Сонымен қатар, қазан айында импорт көлемі сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1%-ға артқан. Бұл көрсеткіш те сарапшылар болжаған межеден (3,2%) және қыркүйектегі 7,4%-дық өсімнен әлдеқайда төмен.
Сингапурлық Lianhe Zaobao басылымының жазуынша, өткен айда Қытай экономикасының өсімі айтарлықтай баяулаған. Ресми мәліметтерге сәйкес, өндіріс секторындағы сатып алу менеджерлері индексі (PMI) қыркүйекте соңғы алты айдағы ең төмен деңгейге құлдыраған. Бұл қысқа мерзімде жаһандық нарықтың Қытай тауарларына сұранысы шектеулі екенін білдіреді.
Басылымның айтуынша, көптеген зауыт иелері экспорттық тапсырыстардың күрт азайғанын хабарлаған.
Қазан айының басында Бейжің сирек жер элементтерінің экспортына бақылауды күшейтетінін мәлімдеген еді. Бұған жауап ретінде АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай тауарларына 100%-дық тариф енгізетінін айтып, екі ел арасындағы сауда қақтығысы қайта өршіген болатын.
Дегенмен, АҚШ пен Қытай көшбасшылары өткен аптада Оңтүстік Кореяда кездескеннен кейін, шиеленіс айтарлықтай бәсеңдеді. Тараптар 10 қарашада аяқталуға тиіс кедендік жеңілдіктердің мерзімін тағы бір жылға ұзартуға келісті.
Бірақ, АҚШ нарығына жөнелтілетін қытайлық тауарларға салынатын кедендік салықтың орташа деңгейі әлі де 45%-дан кем емес. Бұл кейбір экономистер айтып жүрген Қытай өндірушілерінің пайда маржасын азайтатын 35%-дық болжамды межеден жоғары.
Экономистердің Болжауынша, АҚШ нарығындағы үлесінен қағылу Қытай экспортының өсімін шамамен 2 пайыздық тармаққа тежеп отыр. Бұл Қытайдың ішкі жалпы өніміне (ЖІӨ) шамамен 0,3% шығын әкеледі.
Бұған дейін Қытай мен АҚШ арасындағы саудаға салынған қосымша баж салығының мерзімі ұзарғанын хабарлаған едік.