Қытай елшісі: БАҚ ынтымақтастығы — Орталық Азиядағы ортақ болашақтың негізі

АСТАНА. KAZINFORM — 29 мамыр күні Астанада Қытай — Орталық Азия медиа ынтымақтастық форумы ресми түрде ашылды.

Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хан Чуньлин
Фото: Мұқтар Мұрат/Kazinform

Форумның ашылу салтанатында Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хан Чуньлин негізгі баяндама жасап, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы достықты нығайту мен ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызын атап өтті.

Елшінің айтуынша, Орталық Азия — Еуразия құрлығының кіндік тұсы әрі «Бір белдеу, бір жол» бастамасының маңызды торабы. Бүгінде бұл өңір әлемдегі ең үлкен даму әлеуетіне ие аймақтардың бірі болып отыр. Қытай мен Орталық Азия елдері арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жылдан астам уақыт ішінде екіжақты байланыстар өзара құрмет, әділеттілік пен теңдік, өзара тиімділік қағидаттарымен дамып, бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті.

Хан Чуньлин Қытай — Орталық Азия ынтымақтастық механизмі мемлекет басшыларының стратегиялық жетекшілігімен табысты дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл механизм «Бір белдеу, бір жол» бастамасын өңір елдерінің ұлттық даму стратегияларымен ұштастырып, сауда, энергетика, қауіпсіздік және мәдени-гуманитарлық салаларда елеулі нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Елші БАҚ-тың қоғамдар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтудағы ерекше рөлін ерекше атап өтті. Қытай мен Орталық Азия медиа ұйымдары ұзақ жылдар бойы әріптестік қарым-қатынас орнатып, халықтар арасындағы достықты баяндайтын шынайы оқиғаларды кеңінен жеткізіп келді. Алдағы уақытта да ақпарат құралдары бейбітшілік, ынтымақтастық пен өркениет үнін жаһанға таратуға өз үлесін қоса беруге тиіс.

Сондай-ақ, ол Қытай мен Орталық Азия елдерінің бір-біріне сенімді көрші, сенімді серіктес әрі шынайы дос екенін атап өтті. Астанада өтетін Қытай — Орталық Азия екінші саммиті екі жақты ынтымақтастықты жаңа белеске шығарады деген сенім білдірді. Осы ретте, Хан Чуньлин форумға қатысып отырған өңірлік БАҚ өкілдерін Қытай — Орталық Азия ынтымақтастығының табысты оқиғаларын кеңінен насихаттауға шақырды.

Бұған дейін Астанада «Қытай – Орталық Азия» саммиті қарсаңында ынтымақтастық перспективалары талқыланғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар