Қытай контрацептивтік құралдарға салық енгізді
АСТАНА. KAZINFORM – Туу көрсеткішін арттыру мақсатында Қытайда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап контрацептивтік препараттар мен құралдарға 13 пайыздық қосылған құн салығы енгізілді. Осылайша, 32 жыл бойы қолданылып келген тиісті салықтық жеңілдік күшін жойды. Бұл туралы RFI хабарлады.
Белгілі болғандай, Қытайдың «Қосылған құн салығы туралы» заңы 2024 жылғы 25 желтоқсанда қабылданып, 2026 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енген. Аталған заңға сәйкес, «бір отбасы – бір бала» саясаты аясында 1994 жылы қолданысқа енгізілген бірқатар салықтық жеңілдіктер алынып тасталды.
Сонымен қатар балабақшалар мен күндізгі күтім орталықтары және неке қиюға байланысты қызметтер қосылған құн салығынан босатылды. Бұл өзгерістер Бейжің жүзеге асырып отырған өзге де демографиялық ынталандыру шараларымен, атап айтқанда, сәбиді қарауға берілетін демалысты ұзарту және бала туу бойынша жәрдемақы берумен қатар жүргізіледі.
2025 жылғы 28 шілдеде Қытайдың бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақы жүйесін енгізу жөніндегі жоспары ресми жарияланды. Құжатқа сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап отбасындағы нешінші бала екеніне қарамастан, өмірге келген әрбір сәбиге жыл сайын 3600 юань көлемінде жәрдемақы тағайындады. Жәрдемақы бала үш жасқа толғанға дейін беріледі.
Қытай қазіргі күнде нақты демографиялық құлдыраумен бетпе-бет келіп отыр. Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы елде 9,54 млн сәби дүниеге келген, бұл он жыл бұрынғы көрсеткіштен шамамен екі есе аз. Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамына сәйкес, 2025 жылы Қытайда өмірге келген бала саны 8,71 млн-ға дейін азаюы мүмкін. Дереккөздің жазуынша, халықтың қартаюы, экономикалық өсімнің баяулауы және жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарыс жас буын арасындағы алаңдаушылықты күшейтіп отыр.
Осыған байланысты контрацептивтерге (мүшеқап, жүктіліктен сақтайтын дәрілер және өзге де құралдар) салық енгізу Қытай қоғамында сыни пікірлерге түрткі болды. Сарапшылар бұл шешім жоспарланбаған жүктілік пен жыныстық жолмен берілетін инфекциялар қаупін арттыруы мүмкін екенін ескертеді. Кей сарапшылар бағаның өсуі айтарлықтай болмайды деп санаса, енді біреулері бұл шара әлеуметтік әлсіз топтарға шамадан тыс салмақ түсіруі ықтимал екенін алға тартады.
АҚШ-тық Демограф И Фусяньнің пікірінше, бұл шешім демографиялық ынталандырудан гөрі, мемлекеттік кірістерді көбейтуге бағытталған фискалдық шараға көбірек ұқсайды. Өйткені қосылған құн салығы Қытайда мемлекеттік кірістің шамамен 40 пайыз. Ал кейбір шолушылар бұл қадамның символдық мәніне көбірек назар аударып, мемлекеттік саясатты азаматтардың жеке өміріне шектен тыс араласу ретінде қабылдаудың жөні жоқ екенін ескертеді.
Бұған дейін Қытайдың 2026 жылға қарай бүкіл ел бойынша тегін босануды қамтамасыз етуді жоспарлап отырғанын хабарлаған болатынбыз.