Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жүк тасымалының 80% Қазақстан арқылы өтеді — Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Каспийден Африкаға дейін созылатын Азия мен Еуропа арасындағы ең сенімді және қауіпсіз көлік желісін құруды ұсынды.

— Қазақстан Каспий теңізі портын жаңғырту мен жүйелеу, жүк терминалдарын салу, көлік кемелерін бірлесіп өндіру бағытында жүйелі қадам жасап жатыр. Бұл транскаспий бағдарының тартымдылығын арттыра түседі, әсіресе Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының 80 пайызы еліміздің аумағы арқылы өтетінін ескерсек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан «Орталық Азия — Италия» бірінші саммитінде.
Осы орайда Мемлекет басшысы италиялық серіктестерді аталған процеске белсенді қатысуға шақырды.
— Италияның еуропалық көлік желісі мен Global Gateway стратегиясымен үшінші дәлізді түйістіруге қатысты жобаны белсенді қолдауына сенім артамыз. Сириямен бірлесіп, бұл көлік бағытын Каспийден Африкаға дейін созылатын Азия мен Еуропа арасындағы ең сенімді және қауіпсіз көпірлердің біріне айналдыруға үміттіміз, — дейді Президент.
Бұған дейін Президент Италияның жоғары оқу орындарын Қазақстанда филиалын ашуға шақырды.
Айта кетейік, 2026 жыл «Орталық Азия мен Италияның» мәдени қозғалыс жылы ретінде аталып өтеді.
Қазір елордада «Орталық Азия — Италия» бірінші саммиті өтіп жатыр. Оған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысып жатыр.