Қытай мен ШЫҰ елдерінің сауда айналымы 7 айда 1.8 пайызға өсті
АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы қаңтар-шілде аралығында Қытайдың Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдермен тауар айналымы 293,1 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 пайызға артқан. Бұл туралы Қытай Үкіметінің ресми сайты хабарлады.

Ресми деректерге сәйкес, соңғы бес жылда Қытай мен ШЫҰ елдері арасындағы сауда көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Тараптар арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 512.4 млрд долларға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға артты.
Сайттың жазуынша, әсіресе экономиканың жаңа форматы мен жаңа салаларында айтарлықтай серпін байқалады. Мәселен, 2024 жылы Қытайдың ШЫҰ елдерінен электрондық сауда арқылы импорт көлемі сәйкес мезгілдегіден 34 пайызға артқан.
Сонымен қатар инвестиция және экономикалық-техникалық ынтымақтастық саласында да тұрақты өсім бар. Шілде айының соңына дейін Қытайдың ШЫҰ елдеріне салған тікелей инвестициясының жалпы қоры 40 млрд доллардан асты. Бұған дейін негізінен энергетика, пайдалы қазбалар, инфрақұрылым салаларына бағытталған инвестициялар қазіргі күнде цифрлық экономика мен жасыл даму сияқты жаңа салаларға ойысып келеді.
Айта кетейік, ШЫҰ 2001 жылы 15 маусымда құрылған. Ұйымның басты мақсаты — мүше мемлекеттер арасындағы сенім мен тату көршілікті нығайту, саясат, экономика, мәдениет, білім және ғылым-техника салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз ету, әділ, демократиялық және ұтымды жаңа халықаралық тәртіп орнатуға атсалысу.
Қазіргі таңда ұйымға 10 мемлекет мүше: Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Беларусь.
Еске сала кетейік, ШЫҰ саммиті 31 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтеді. Онда ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданады.