Қытай өкілі ШТИҚ жетекшісінің Сирияда лауазымды қызметке тағайындалғанына алаңдаушылық білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілі Фу Цун БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Сирия мәселесіне арналған ашық отырысында Сириядағы жағдайдың маңызды кезеңде тұрғанын атап өтті және «Шығыс Түркістан ислам қозғалысы» (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) жетекшісінің аталған елде лауазымды қызметке тағайындалуына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.
Қытайлық дипломаттың айтуынша, Қытай тарапы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254-ші қарарының қағидаттарына сәйкес, елдегі саяси үдерісті сириялықтардың өздері бас болып алға ілгерілетуін қолдайды. Оның пікірінше, халықаралық қауымдастық Сирияның өз жағдайына сай келетін даму жолын таңдау құқығын құрметтеуге, сириялықтардың өз болашағын тәуелсіз әрі ерікті түрде айқындауына мүмкіндік берге тиіс.
- Сирияның ішкі жағдайы қалай құбылса да, терроризмге қатысты «нөлдік төзімділік» қағидасынан бас тартуға әсте болмайды. Ақпарат көздерінен мәлім болғандай, соңғы күндері Сирия Қарулы күштері шетелдік лаңкестік топтардың бірнеше мүшесін лауазымды қызметке тағайындаған, олардың қатарында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі террористік ұйым деп таныған «Түркістан Ислам партиясының», яғни ШТИҚ (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) атаманы да бар. Қытай бұған қатты алаңдаушылық білдіреді. Қытай Сирияны терроризмге қарсы халықаралық міндеттемелерін орындауға және лаңкестердің Сирия аумағы арқылы өзге елдердің қауіпсіздігіне қатер төндіруіне жол бермеуге шақырады, - деп атап өтті Фу Цун.
Сингапурлық «Lianhe Zaobao» басылымы ұсынған деректерге сәйкес, «Түркістан Ислам партиясы» бұрын «Шығыс Түркістан ислам қозғалысы» (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) деп аталған. Қытай үкіметі бұл ұйымды 1990 жылдардың соңынан 2010 жылдардың басына дейін Қытайдың ШҰАР аумағында көп мәрте зорлық-зомбылық әрекетін ұйымдастырған және теократиялық «Шығыс Түркістан ислам мемлекетін» құру мақсатында Шыңжаңды Қытайдан бөліп әкетпек болған деп айыптайды.
Сингапурлық басылымның жазуынша, ұйымның біраз мүшелері Сирияда 2011 жылы басталған азаматтық соғыста Асад билігіне қарсы ұрысқан. 13 жылға созылған азаматтық соғыста, басқа топтармен қым-қуыт байланысы болғанына қарамастан, «Шығыс Түркістан партиясының» қалдықтары Сирияда тәуелсіз әрекет етіп келе жатқан сияқты.
Lianhe Zaobao Сирияда Асад билігі құлаған күні (2024 жылдың 8 желтоқсаны) «Шығыс Түркістан ислам партиясының» бейнеүндеу жасағанын еске салады. Бейнежазбада бет-аузын тұмшалап, қолына автомат ұстаған жауынгерлердің Шыңжаң аумағындағы бірнеше қаланың атын атап, «қытайлық дінсіздерді елден қуып шығамыз» деп қоқан-лоқы жасағаны көрсетілген.
АҚШ үкіметі 2002 жылы ШТИҚ-ты (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) лаңкестік ұйымдар тізіміне енгізді. Бірақ 2022 жылы ұйым аталған тізімнен шығарылды. Бұның себебін АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Помпео «өткен онжылдықтарда ШТИҚ-тың (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) өмірде әлі бар екенін дәлелдейтін сенімді айғақ табылмады» деп түсіндірген болатын.
Айта кетсек, 52 мыңнан астам босқын Түркиядан Сирияға оралғанын жазған болатынбыз.