Қытай Панама каналындағы порттардың сатылуына тексеру жүргізуді талап етіп отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың нарықты қадағалау жөніндегі бас ведомствосы Панама каналындағы Бальбоа, Кристобаль сияқты өзге де айлақтардың сатылуына жан-жақты монополияға қарсы тексеру жүргізуді талап етіп отыр, деп хабарлайды DW.

Қытайдың нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік басқармасы (SAMR) бірқатар порттың сатылуына жан-жақты монополияға қарсы тексеру жүргізуді талап етіп отыр.
- Кәсіпорындарды кеңейту ісін рұқсатсыз жүргізуге болмайды, оған заңдық жауапкершілік бар, - делінген басқарманың жексенбі, 27 сәуір күнгі мәлімдемесінде деп жазады Reuters.
Гонконгтік CK Hutchison компаниясы бар осы мәмілеге қатысушылар монополияға қарсы тексеруден жалтарып кетпеуі керек, дейді ондағылар.
Наурыз айының басында хабарланғандай, АҚШ президенті Дональд Трамптың қысымымен гонконгтік Hutchison Holdings компаниялар тобы Панама каналының екі шетіндегі Бальбоа мен Кристобаль сияқты порттарды сатуға мәжбүр болған. Оператордың 90 пайыз акцияларын Blackrock инвесторы басқаратын америкалық консорциум алуы керек болған.
Түрлі бағалаулар бойынша, мәміленің құны 19-дан 23 млрд долларға дейін жетеді.
AFP агенттігінің хабарлауынша, Hutchison холдингімен жасалған аталған порттарды басқару жөніндегі келісім 2021 жылы автоматты түрде 25 жылға созылған болатын.
Сауда айналымының шектелуінен қауіптенетін Бейжің бұл мәмілені қатты сынап отыр.
Трамп АҚШ үшін Суэц және Панама каналдарынан жеңілдікті талап етіп отыр
Жуырда АҚШ президенті Панама мен Суэц каналдары әкімшілігінен Құрама Штаттардың туымен өтетін әскери және азаматтық кемелерден ақы алмауды талап еткен.
- АҚШ-тың әскери болсын, азаматтық болсын, кемелерінің Суэц және Панама каналдарынан ешқандай төлемсіз өтуіне рұқсат етілуі керек. АҚШ-сыз бұл каналдар болмайтын еді,- деп жазды Ақ үй басшысы TruthSocial әлеуметтік желісінде.
Трамп жоғары мемлекеттік лауазымға сайланардан бұрын-ақ Панама каналының әкімшілігіне қарсы сөздер айта бастаған.
Саясаткер Қытайға тәуелділіктен арылып, АҚШ-пен тығыз жұмыс істеуді талап етті.
Атлант және Тынық мұхиттарын жалғап жатқан Панама каналын АҚШ 1914 жылы салған. 1999 жылға дейін АҚШ 82 киломтрлік су дәлізін бақылауда ұстап, артынан ол толығымен Панамаға берілген.
Ашық дереккөздерге қарағанда, Суэц каналы бойынша Трамп бұрын ештеңе демеген. Өйткені бұл XIX ғасырдағы османдардың ықпалындағы Мысыр мен Францияның жобасы болатын.
Қазіргі таңда Суэц каналына әлемдік теңіз саудасының 10-12 пайызы тиесілі, Панама каналына 5-6 пайызы.
Осыған BlackRock Панама каналындағы порттарды сатып алғалы жатқаны туралы хабарланған еді.