Қытай «Шэньчжоу-24» ғарыш миссиясы аясында 90 ғылыми тәжірибе өткізеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай «Шэньчжоу-24» басқарылатын ғарыш миссиясы кезінде 90 ғылыми тәжірибе мен технологиялық сынақ өткізуді жоспарлап отыр. Бортында Қытайдың орбиталық станциясына баратын алғашқы шетелдік ғарышкері бар кеме 25 қарашада ұшырылады. Бұл туралы «Синьхуа» жазды.
Қытайдың басқарылатын ғарыштық ұшу бағдарламасы басқармасының (CMSA) мәліметінше, зерттеулер бірнеше бағытты қамтиды. Олардың қатарында ғарыш биологиясы, материалтану, сұйықтықтар физикасы, микрогравитация жағдайындағы жану процестері, іргелі физика, ғарыш медицинасы және жаңа ғарыштық технологиялар бар.
Бұл туралы CMSA-ның ресми өкілі Чжан Цзинбо баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Сондай-ақ Қытай «Тяньгун» орбиталық станциясына аттанатын «Шэньчжоу-24» басқарылатын ғарыш кемесі экипажының құрамын жариялады.
Экипаж құрамына Қытай ғарышкерлері Тан Хунбо мен У И, сондай-ақ Пәкістан өкілі Мұхаммад Зишан Әли кірді.
Экипаж командирі болып Тан Хунбо тағайындалды. Ол бұған дейін «Шэньчжоу-12» және «Шэньчжоу-17» миссияларына қатысқан. Осы сапардан кейін ол Қытайдың «Тяньгун» орбиталық станциясына үш рет барған алғашқы ғарышкер атанады.
Қытай ғарышкерлерінің үшінші тобының өкілі У И үшін бұл алғашқы ғарыш сапары болмақ.
Ал Мұхаммад Зишан Әли Қытайдың орбиталық станциясына барған алғашқы шетелдік ғарышкер атанады.
Экипаж мүшелері ғарыш кемесінде тиісінше ұшқыш, бортинженер және ғылыми жабдықтарға жауапты маман міндеттерін атқарады.
«Шэньчжоу-24» кемесін 25 қарашада Бейжің уақытымен сағат 08:18–де (Астана уақытымен 05:18) Қытайдың солтүстік-батысындағы Цзюцюань ғарыш айлағынан ұшыру жоспарланған.
Еске салайық, бұған дейін Қытай алғаш рет ғарыш станциясына шетелдік азаматты жіберетінін хабарлаған едік.