Қытай сирек металл экспортына қойылған шектеуді жеңілдетуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Сауда министрлігі Еуропаның чип өндіруші компанияларымен сирек жер элементтерінің экспортын бақылау мәселесі бойынша байланысты күшейтуде, бұл еуропалық чип өндірушілерге қатысты экспорттық шектеудің жеңілдетілуі мүмкін екенін меңзейді.

Канадалық компания Қазақстанда сирек кездесетін пайдалы қазба өндіруге екінші лицензиясын алды
Фото: BJP7images / Shutterstock

«China Daily» газетінің хабарлауынша, 27 мамыр күні Сауда министрлігі Қытай мен Еуропаның жартылай өткізгіш өнеркәсібі саласының өкілдерімен кездесу өткізіп, сирек жер элементтеріне байланысты экспорттық шектеу саясаты туралы түсініктеме берген әрі еуропалық чип өндірушілермен тиісті мәселе бойынша байланысты нығайтуға ниет білдірген.

— Сауда министрлігінің жанындағы Өнеркәсіптік қауіпсіздік және экспорттық бақылау бюросының мамандары кездесуде сирек жер элементтеріне қатысты экспорттық шектеу саясаты туралы үгіт жүргізіп, экспорттық лицензияларды қалай алуға болатынын түсіндірді, — деген «China Daily» басылымына ақпарат берген инсайдерлердің бірі.

Келесі дереккөздің айтуынша, бұл қадам Қытай мен Еуропаның жартылай өткізгіш компаниялары арасындағы өндірістік тізбекке қатысты сирек жер элементтерінің экспортына енгізілген шектеудің жеңілдетілуі мүмкін екенін білдіреді. Ал бұл жаһандық өндірістік тізбектің тұрақтылығын сақтауда тиімді.

Қытай Сауда министрлігінің ресми сайтындағы хабарламаға сәйкес, сейсенбі күні өткен кездесуге ведомствоның тиісті департаменттерінің, Қытайдың жартылай өткізгіш өнеркәсібі қауымдастығының, Қытай-Еуроодақ Сауда палатасының, сондай-ақ, саладағы 40-тан астам қытайлық және еуропалық кәсіпорынның өкілдері қатысты.

Хабарламада айтылғандай, кездесу Қытай мен Еуропаның жартылай өткізгіш саласындағы өндірушілер мен жеткізушілердің өзара түсіністігін арттыруға, бизнеске сенімді нығайтуға және ынтымақтастықты тереңдетуге алаң ұсынды. Қытай мен Еуропаның жартылай өткізгіш саласындағы байланысы мен ынтымақтастығының нығаюы әлемдік экономиканың қалпына келуіне жаңа серпін береді.

Сирек жер элементтері жартылай өткізгіштер өндірісінде айрықша орын алады. Nikkei Asian Review ұсынған деректерге сәйкес, Қытай билігі 4 сәуірден бастап жартылай ауыр сирек жер элементтерінің 7 түріне экспорттық шектеу енгізгеннен кейін, еуропалық нарықта олардың бағасы бір ай ішінде үш есе өскен.

Сирек жер элементтерінің еуропалық бағасы Қытайдан тыс аймақтағы басты нарықтық көрсеткіш ретінде қарастырылады.

Соңғы жаңалықтар