Қытайда «әке мен бала бөлмелері» танымал бола бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың ірі мегаполистеріндегі қоғамдық орындарда «әке мен бала бөлмелері» немесе «баланы күтуге арналған отбасылық бөлмелер» пайда болды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі Синьхуа. агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл бастама сәбиге күтім жасайтын әкелердің жағдайын жеңілдетуге бағытталған.
Мұндай бөлмелерді бүгінде Бейжің, Шанхай және Шэньчжэнь қалаларындағы сауда орталықтары мен өзге де қоғамдық орындардан кездестіруге болады. Олар жөргек ауыстыратын үстелдермен, бөтелке жылытқыштарымен және сәбилерге күтім жасауға қажетті басқа да негізгі жабдықтармен қамтамасыз етілген.
— Бұрын баламен серуенге шыққанда жөргек ауыстыру үшін дәретханадан оңаша орын іздеуге тура келетін. Ал қазір сауда орталықтарында кең әрі гигиеналық талаптарға сай «әке мен бала бөлмелері» бар, бұл өмірді едәуір жеңілдетті, — дейді Бейжің тұрғыны Фань.
Ұзақ уақыт бойы Қытайда мұндай орындар негізінен «ана мен бала бөлмелері» форматында ғана болған. Олар ең алдымен бала емізетін аналардың жеке кеңістігін қорғау мақсатында жасалып, ер адамдардың кіруіне шектеу қою қалыпты жағдай саналды.
Алайда қоғамдағы көзқарастардың өзгеруіне байланысты әкелердің бала күтіміне қатысуы айтарлықтай артты. Бұл әсіресе 1990-жылдары туған миллениалдар арасында байқалады. Қазіргі таңда олар жас ата-аналардың негізгі бөлігін құрап, отбасындағы міндеттерді тең бөлуді жиі қолдайды.
Бейжің университетінің Әлеуметтануға қатысты зерттеулер институты жүргізген қытай отбасыларының жағдайын бақылау жөніндегі зерттеу нәтижесіне сәйкес, 10 жасқа дейінгі балалары бар 1990-жылдары туған әкелер күніне орта есеппен 2,39 сағатты бала күтіміне арнайды. Бұл көрсеткіш 1970 жылдан кейін туған әкелермен салыстырғанда шамамен 16 пайызға жоғары.
Қытайлық респонденттердің басым бөлігі «әке мен бала бөлмелерінің» немесе «баланы күтуге арналған отбасылық бөлмелердің» пайда болуын жай ғана атаудың өзгеруі деп санамайды. Бұл қытай отбасыларындағы бала тәрбиесіне қатысты түсініктердің терең өзгеріп жатқанын айқын көрсетеді.
Осыдан бұрын Қытай 2026 жылға қарай бүкіл ел бойынша тегін босануды қамтамасыз етуді жоспарлап отырғанын айтқан едік.