Қытайда әлемдегі алғашқы ЖИ негізіндегі селекциялық робот жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай ғалымдары ауыл шаруашылығы дақылдарын айқас тозаңдандыруға арналған әлемдегі алғашқы жасанды интеллект негізіндегі роботты жасап шығарды, деп хабарлайды Global Times.

Первый в мире ИИ-робот для селекции разработан в Китае
Фото: Global Times

Жаңа технология GEAIR (Genome Editing combined with AI-based Robotics — Геномды өңдеу мен жасанды интеллектке негізделген робототехниканың бірігуі) деп аталады. Бұл аппарат өздігінен қозғалуға және айқас тозаңдандыруға қабілетті, бұл өз кезегінде өнімділікті арттыруға, селекция шығындарын азайтуға және жаңа сорттарды шығару уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Жоба Қытай ғылым академиясына қарасты Генетика және даму биологиясы институтының зерттеу тобы тарапынан іске асырылған. Ғалымдар алғаш рет өсімдіктер мен роботтарды бірлесіп жобалау тұжырымдамасын қолданып, гүлдердің құрылымын өзгерту үшін геномды өңдеу технологияларын пайдаланған. Бұл еркек стерильді гүлшоғыры бар өсімдіктерді тез әрі дәл жасап шығаруға мүмкіндік беріп, роботтандырылған будан тұқым өндірісіне қолайлы жағдай туғызды.

GEAIR қазіргі заманғы селекциялық әдістермен, соның ішінде «de novo доместикация» (жабайы түрлерді қолға үйрету) және тездетілген сұрыптау әдістерімен интеграцияланған. Осы технологиялардың үйлесімі нәтижесінде қысқа мерзім ішінде жақсартылған сорттарды автоматты түрде әзірлейтін алғашқы «интеллектуалды роботтандырылған селекциялық фабрика» жасалды.

Технология сояға сәтті сынақтан өткізілді. Жасалған еркек стерильді жүйе Қытайға бұл дақыл бойынша будандастырылған селекцияда көшбасшылықты иеленуге және өнімділікті едәуір арттыруға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Алдағы уақытта бұл технологияны басқа ауыл шаруашылығы дақылдарына да бейімдеу жоспарда бар.

Осыған дейін қытайлық ғалымдар тибет антилопасының түріне ұқсас робот-антилопа жасап, оны нағыз антилопалардың қосынына ілестірді.

Соңғы жаңалықтар