Қытайда Ауғанстан мен Пәкістан арасында келіссөздер өтті

АСТАНА. KAZINFORM — 1–7 сәуір аралығында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Үрімжі қаласында Қытай, Ауғанстан және Пәкістан өкілдерінің бейресми кездесуі өтті, деп хабарлайды Kazinform-ның Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

Қытай
Фото: Берик Табынаев/Kazinform

ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Ниннің мәліметінше, үш ел делегацияларының құрамына сыртқы істер, қорғаныс және қауіпсіздік салаларының өкілдері кірген.

Оның айтуынша, тараптар қолайлы жағдайда ашық әрі прагматикалық пікір алмасып, нақты нәтижеге бағытталған келіссөздер жүргізген.

Үш ел қазіргі күрделі халықаралық және өңірлік ахуалда Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы тату көршілік қарым-қатынасты сақтау олардың халықтарының әл-ауқаты, сондай-ақ Оңтүстік Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылық үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ тараптар диалог пен кеңесулер халықаралық дауларды, оның ішінде Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы келіспеушіліктерді шешудің тиімді жолы екенін жеткізді.

Тараптар ауған-пәкістан қатынастарындағы мәселелерді шешу үшін негізгі және басым бағыттарды айқындай отырып, кешенді шешімдерді қарастыруға келісті.

Мао Нин терроризмнің ауған-пәкістан қатынастарына әсер ететін негізгі фактор екенін атап өтті.

— Үш тарап «Үрімжі процесінің» маңызды екенін мойындап, осы мәселе бойынша байланыс пен диалогты жалғастыруға келісті, — деп қосты ол.

Айта кетейік, 2025 жылдың соңынан бері Пәкістан мен Ауғанстан қарым-қатынасы шиеленіскен күйде қалып отыр. Олардың арасындағы дәл қазіргідей қарулы қақтығыс бұрын-соңды болмаған. Kazinform тілшісі Орта Азия елдері үшін мұның қандай салдары болуы мүмкін екені жөнінде тәжікстандық саясаттанушы Шерали Ризоённің пікірін білген еді.

Соңғы жаңалықтар