Қытайда генеративті ЖИ-ді пайдаланушыларының саны 515 млн-ға жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай интернет-ақпарат орталығының есебіне сәйкес, 2025 жылдың маусым айындағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 2024 жылдың соңымен салыстырғанда екі есеге жуық өсті, деп хабарлайды Синьхуа.

Өсім 266 млн адам болды, ал ЖИ технологияларының енуі 36,5%-ға жетті.
Жасанды интеллектіге жас және білімді азаматтар көбірек қызығушылық танытып отыр. 40 жасқа дейінгі пайдаланушылар үлесі 74,6%, ал 37,5%-ының жоғары білімі бар.
Орталық директоры Лю Юйлиннің айтуынша, жасанды интеллект қазірдің өзінде зертханалық тұжырымдамадан жүздеген миллион адамға қызмет көрсететін жетілген қызметке айналды. Оның атап өтуінше, пайдаланушылар санының күрт артуы ЖИ-ды бүкіл ел бойынша сынақтық пайдаланудан күнделікті қолдануға ауысуды көрсетіп отыр.
Генеративті ЖИ-дың отандық үлгілері қытайлық пайдаланушылар арасында танымал болды. Олар ақпаратты интеллектуалды іздегенде, цифрлық контент жасағанда, кеңсе жұмысын автоматтандыруда және «ақылды» құрылғыларды басқару кезінде кеңінен қолданылып отыр.
Баяндамада сондай-ақ Қытайдың жаһандық ЖИ нарығына ықпалы артып келе жатқаны атап өтілді. 2025 жылдың сәуіріндегі жағдай бойынша Қытайда ЖИ-ға қатысты патентке 1,576 млн өтінім берілді, бұл жаһандық жалпы көлемнің 38,58%-ын және әлемдегі ең жоғары көрсеткішті құрайды.
Бұған дейін Қытай төтенше жағдайлар саласына ЖИ енгізгенін жазған болатынбыз.