Қытайда гуманоид роботтар электромобиль құрастыру желісінде жұмыс істей бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Xiaomi корпорациясы зертханалық сынақ кезеңінен өтіп, антропоморфты роботтарды электромобиль құрастыратын зауыттың нақты өндірістік цикліне енгізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.

Қытайда гуманоид роботтар электромобиль құрастыру желісінде жұмыс істей бастады
Фото: Xiaomi Technology

Өздігінен бұралатын гайкаларды орнату учаскесіндегі сынақ барысында робот толық автономды режимде үш сағат бойы сәтті жұмыс істеді. Құрылғы бекіткіштерді дәл ұстау, оларды қажетті орынға орналастыру және біріктірілген құю кезеңінен кейін элементтерді автоматты түрде қатайту сияқты кешенді міндеттерді орындады.

Бір мезгілде екіжақты орнату кезінде сәтті орындалған операциялардың үлесі 90,2% болды. Бұл көрсеткіш гуманоидқа бір операцияға 76 секундтан аспайтын өндірістік желінің белгіленген цикліне сәйкес жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

Xiaomi басшылығы бұл сынақтарды интеллектуалды өндірісті ауқымды түрде кеңейтудің алғашқы кезеңі ретінде қарастырып отыр. Компанияның даму стратегиясына сәйкес, алдағы бес жылда кәсіпорынның негізгі технологиялық процестеріне антропоморфты роботтарды жаппай енгізу жоспарланған.

Бұған дейін Қытайда роботтар басқа роботтарға арналған бөлшектерді өндіре бастағаны туралы жазған едік.

Айта кетелік Қытай гуманоид роботтары мен жасанды интеллектіні стандарттауды бекіткен еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум