Қытайда қайтарылатын зымырандар шығаратын алғашқы өндірістік базаның құрылысы басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың қайтарылатын және қайта пайдаланылатын зымырандар шығаратын алғашқы өндірістік базасының құрылысы 7 қаңтар күні Ханчжоу қаласында басталды. Жоба іске қосылғаннан кейін жылына 25 зымыран өндіреді деп хабарлайды China Daily.
Белгілі болғандай, қытайлық Space Epoch компаниясы сол күні Ханчжоу қаласының Цяньтан ауданында сұйық отынды ірі және орта тасығыш-зымырандарды толық құрастыру, кешенді сынақтан өткізу және теңіз арқылы қайтару базасының құрылысын бастаған.
Бұл нысан Қытайдағы зымырандарды теңіз арқылы қайтаруға және қайта пайдалануға арналған тұңғыш өндірістік база, сондай-ақ тот баспайтын болаттан жасалған зымырандар шығаратын алғашқы суперзауыт.
Жобаға жалпы 52 млрд юань инвестиция салынбақ. Жоспарға сәйкес, база аумағында зымырандарды қайта пайдалану орталығы, сынау-тексеру орталығы, сондай-ақ өндірістік кешен салынады. Нысан іске қосылғаннан кейін кәсіпорын жылына 25 зымыран өндірумен қатар, қайтарылған зымырандарды жедел тексеру, жөндеу және қайта пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Жоспар бойынша, 2026 жылдың тамыз айында Space Epoch компаниясы дербес әзірлеген, сұйық оттегі мен метан қолданылатын, тот баспайтын болаттан жасалған және теңіз арқылы қайтарылатын алғашқы қытайлық зымыран — «Юаньсинчжэ-1» осы базада құрастырылып, сынақтан өткізіледі. Ал жыл соңына қарай Цяньтан зымыраны бірінші рет ұшу және қайта оралу миссиясын орындауы тиіс.
Агенттіктің мәліметінше, Space Epoch 2019 жылы құрылған және қайта пайдаланылатын сұйық отынды тасығыш-зымырандарды әзірлеуге маманданған жеке меншік компания.
Бұған дейін Қытайдың оңтүстігіндегі Вэньчан ғарыш айлағынан екі жаңа жер серігінің сәтті ұшырылғаны туралы хабарлаған болатынбыз.