Қытайда шенеуніктер арасында қымбат тағамдар мен алкоголь өнімдерін тұтынуға тыйым салынды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда үнемшілдікті қатаң сақтауға шақырылып, партиялық және мемлекеттік мекемелерде ысырапшылдықпен күрес шаралары күшейтіліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Бұл туралы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің сайтында жарияланған қаулы мәтінінде айтылған.
Құжатта сондай-ақ қабылдауларға, алкоголь мен темекіге жұмсалатын шығындарға қатысты нұсқаулар берілген.
Атап айтқанда, партиялық және үкіметтік органдар ресми қабылдауларға қойылатын ішкі стандарттарды қатаң сақтап, шығынды жалпы бақылау жүйесін енгізуі тиіс.
Жұмыс бабы бойынша жасалған дастарханда, түскі ас кезінде салтанатты тағамдар ұсынылмауы, темекі мен алкоголь болмауы керек.
Хабарламада елдің барлық өңірі мен барлық деңгейдегі мекемесі ысырапшылдық — ұят, ал үнемдеу — құрмет саналатын атмосфераны орнықтыруы тиіс екені баса айтылған.
Жаңа ережелер 18 мамырдан бастап күшіне енді.
Бұған дейін Қытайда жасанды жаңбыр жаудыру бойынша эксперимент жүргізілгені туралы жазған едік.