Қытайда сутегімен жұмыс істейтін әлемдегі алғашқы пилотсыз ұшақ сынақтан өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Хунань провинциясында ҚХР өзі әзірлеген мегаватт класты сутегі қозғалтқышымен жұмыс істейтін 7,5 тонналық AEP100 ұшқышсыз жүк ұшағының әлемдегі алғашқы ұшуы өтті, деп хабарлайды Xinhua

Қытайда сутегімен жұмыс істейтін әлемдегі алғашқы пилотсыз ұшақ сынақтан өтті
Фото: CCTV

Жобаны Aero Engine Corporation of China (AECC) корпорациясы әзірледі. Компанияның мәліметінше, 16 минуттық сынақ штаттық режимде өтті. Күш қондырғысы ұшудың барлық кезеңінде тұрақты жұмыс істеді.

Сынақ кезінде жүк дроны 300 метр биіктікте 36 шақырым қашықтықты жүріп өтіп, жылдамдығы сағатына 220 шақырымға жетті. Әуе кемесі маневр бағдарламасын аяқтағаннан кейін аман-есен қонды. 

AECC сынақтың сәттілігі Қытайда сутегі отынымен жұмыс істейтін ұшақ қозғалтқыштарында толық технологиялық циклдің дамығанын растайтынын атап өтті. Бұл қадам авиацияда сутегі энергиясын өнеркәсіптік қолданудың негізін қалайды.

Сала мамандары жасыл сутегінің құны төмендеген сайын мұндай қозғалтқыштар тиімділік пен энергия қауіпсіздігі тұрғысынан бәсекеге қабілетті болады деп шамалап отыр. 

Ақпан айында Қытайдың гибридті жүк таситын дрон ұшағы алғаш рет әуеге көтерілгенін жаздық

Соңғы жаңалықтар