Қытайда жаңа буындағы нейрокомпьютер таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай инженерлері жануарлар миының жұмысын еліктей алатын жаңа буындағы нейроморфты компьютерді – Darwin Monkey атты құрылғыны таныстырды, деп хабарлайды Синьхуа.

Бұл құрылғы Қытайдың шығысындағы Чжэцзян провинциясында орналасқан Чжэцзян университетінің ғылыми орталығында жасалған. Компьютер Darwin 3 деп аталатын үшінші буындағы 960 нейропроцессормен жабдықталған. Стандартты жүктемеде оның энергия тұтынуы шамамен 2000 Вт.
Жүйе 2 миллиардтан астам пульсациялайтын нейронды және 100 миллиардтан астам синапсты қолдай алады. Бұл көрсеткіштер Darwin Monkey-ді логикалық ойлау, көру, есту, тіл және оқыту функцияларын біріктіре алатын әлемдегі алғашқы нейроморфты компьютер етеді.
Қазіргі уақытта платформаға нейрожелілік қосымшалар орнатылған. Құрылғы DeepSeek моделін іске қосып, логикалық талдау, контент генерациясы және математикалық есептерді шешу сияқты тапсырмаларды орындай алады.
Darwin Monkey-дің есептеу қуаты тірі организмдердің – құрттар мен балықтардан бастап тышқандар мен приматтарға дейінгі – ми моделін нақты бейнелеуге мүмкіндік береді. Бұл жаңалық нейроғылым мен миды модельдеуге қатысты зерттеулерге тың серпін бермек.
Бұған дейін АҚШ пен Қытайдың жасанды интеллект саласында көшбасшылыққа шыққаны хабарланған болатын.
Айта кетелік Қазақстандық суперкомпьютердің қуаты 8 млрд халықтың 4 күндік жұмысына тең.