Қытайда жасанды интеллектпен айналысатын 5 300-ден астам компания бар

АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылғы қыркүйек айындағы жағдай бойынша Қытайда жасанды интеллект (ЖИ) саласында жұмыс істейтін 5 300-ден астам компания тіркелген, деп хабарлайды Синьхуа.

робот
Фото: Синьхуа

Бұл әлемдік көрсеткіштің 15 пайызына тең, деп хабарлады Қытайдың Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар академиясы (CAICT).

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қытайдағы ЖИ индустриясының ауқымы 900 миллиард юаньнан (шамамен 126,7 миллиард АҚШ доллары) асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға артық.

Елде ЖИ секторы бойынша базалық инфрақұрылымнан бастап, модельдер архитектурасы мен салалық қолданбаларға дейінгі толық өндірістік тізбек құрылған.

Академияның мәліметінше, бұл салалар бойынша табыс өткен жылы сәйкесінше 54%, 18% және 13% өсім көрсеткен.

Академия өкілдерінің айтуынша, ЖИ негізіндегі смартфондар мен компьютерлер, сондай-ақ интеллектуалды көлік құралдары секілді ақылды құрылғылардың нарығы қарқынды дамып келеді.

Қытай цифрлық экономиканы «ақылды» экономикаға және интеллектуалды қоғамға айналдыру үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Биылғы жылы елде ЖИ-ді қолдайтын инфрақұрылымды күшейтіп, жасанды интеллект технологияларын әлеуметтік-экономикалық салаларға жедел енгізуді көздейтін «ЖИ плюс» бастамасын тереңдету жөніндегі ұсыныстар жарияланған болатын.

Бұдан бұрын Мемлекет басшысы Sinovation Ventures және 01ai компанияларының бас директоры Ли Кай Фуды қабылдады. Кездесу барысында жасанды интеллект, цифрлық трансформация, венчурлық инвестиция, стартаптар экожүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жаһандық технологиялық серіктестерді тарту салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Соңғы жаңалықтар